Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат үкіметті қаржылық жағдайы тұрақсыз отбасыға теңеді

депутат
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мемлекеттік қаржыны басқару тәсілін қаржылық жағдайы тұрақсыз отбасымен салыстырды. Мұны депурат парламенттің бірлескен отырысында айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Кез келген отбасы өз табысына қарай өмір сүреді. Ай сайынғы кірісін жоспарлап, шығынын реттейді және болашаққа жинақ қалыптастырады. Ал егер отбасы жыл басында бекіткен жоспарын үнемі өзгертіп, бір қарызын екіншісімен жауып, күнделікті қажеттіліктеріне жинағын жұмсай бастаса, оның қаржылық тұрақтылығына ешкім сенбейді”, – деді депутат. 

Депутат экономика өскені қарапайым халықтың тұрмысына қалай әсер етіп жатқанын сұрады. 

“Өкінішке қарай, Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы мемлекеттік қаржыны басқаруда дәл осындай алаңдатарлық белгілердің бар екенін көрсетіп отыр. Біз экономика өсіп жатыр, жалпы ішкі өнім артып келеді, инвестиция көлемі ұлғайып жатыр деп жиі айтамыз. Бірақ бұл өсім қарапайым халықтың тұрмысына қалай әсер етіп жатыр? Елдің әл-ауқаты жақсарды ма? Отбасылардың табысы өсті ме?”, – деді Айдос Сарым.

Депутаттың айтуынша, аудит қорытындысы Үкімет жұмысындағы бірқатар жүйелі кемшіліктерді ашық көрсетті.

Ол негізгі мәселелердің қатарында бюджетті жоспарлау сапасының төмендігін және инфляцияны тежеу бағытындағы жұмыстың жеткіліксіз болғанын айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Депутат Асхат Рахимжанов қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығыны табысының 52%-ына жеткенін айтып, мұны “тұрақтылық емес, өмір сүру үшін күрес” деп сипаттағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 26 Маусым, 2026 12:40