Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҰҰ Ресей қарулы күштері жасаған әуе соққысын қатаң айыптады: Украинада қаза тапқандардың саны 38-ге жетті

Украина президенті Владимир Зеленский шілденің 9-ы күні таңертеңгі жағдай бойынша Ресейдің Украинаға жасаған жаппай зымырандық шабуылы салдарынан 38 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Ол зардап шеккен аймақтарда жалғасып жатқан құтқару және қалпына келтіру жұмыстарының кадрларын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосы порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: t.me/V_Zelenskiy_official/11061

Киевте 27 адам қаза тапты. Қаза болғандардың арасында төрт бала бар. Олардың бірінің мәйіті Шевченко ауданында қираған тұрғын үйдегі үйінділерді тазалау кезінде табылды. Кривой Рогта 10 адам, Днепрде 1 адам мерт болды. Бұдан бөлек 190 адам зардап шекті, оның 100-ге жуығы ауруханаға жатқызылды.

Шабуыл салдарынан бір ғимараты қирап, бірнешеуі зақымданған Киевтің "Охматдет" балалар ауруханасынан науқастардың барлығы басқа ауруханаларға ауыстырылды. 

Бүгін таңертең құтқарушылар үйінділерді тазарту кезінде жертөлеге жетті. Себебі онда адамдар қалуы мүмкін деген болжам бар. Алайда үйінді астында ешкім болмағаны хабарланды. Украина билігі Ресейді екі адам қаза тапқан балалар ауруханасына жоспарланған шабуыл жасады деп айыптап отыр, алайда Ресей мұны жоққа шығарды. 

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сейсенбіде ауруханаға "антиракета", яғни украиналық әуе қорғанысының өзі зымыран ұшырғанын айтады. Бұған Ресей Қорғаныс министрлігі де дәлел келтірместен бір күн бұрын дәл осылай мәлімдеген. Десе де, Украина қауіпсіздік қызметі оның ресейлік қанатты зымыран екенін дәлелдейтін айғақтары бар екенін атап өтті.

Киевке жасалған шабуылдың салдарынан тағы бір медициналық орталық зақымданды, онда тоғыз адам қаза тапты. 



"Жалпы 100-ге жуық нысан зақымданды: балалар ауруханасы, қарапайым үйлер, балабақшалар, перзентхана, колледж, бизнес орталығы", – деді Зеленский.

БҰҰ қауіпсіздік кеңесі 9 шілдеде Ресейдің соққыларының салдарын қарастырды. 

Айта кетейік, 8 шілдеде ресейлік әскерилер Украинаға әртүрлі типтегі 40-қа жуық зымыранды ұшырды. Киев, Днепр, Кривой Рог, Покровск, Славянск, Краматорск қалаларына шабуыл жасалды. Бұл шабуыл құрбандар саны бойынша 2024 жылғы ең қантөгіс шабуыл болды.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресейдің соққысын қатаң айыптады. Ол балалар ауруханасына жасалған зымыран соққысын "қатты таңғалдырған" деп атады

"Бейбіт тұрғындар мен азаматтық объектілерге шабуыл жасауға халықаралық гуманитарлық құқықпен тыйым салынады. "Мұндай шабуылдар қабылданбайды және дереу тоқтатылуы керек", – деді Гутерриштің баспасөз хатшысы.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысы 9 шілдеде таңертең Ұлыбритания, Франция, Эквадор, Словения және Америка Құрама Штаттарының өтініші бойынша шақырылды.

Еске салайық, бұған дейін Ресей қарулы күштері Украина қалаларына әуе соққысын жасауы салдарынан 28 адам көз жұмып, 112 адам жарақат алғанын хабарлаған едік. Әуе соққысынан Киевтегі "Охматдет" балалар ауруханасы зардап шекті. Шабуыл кезінде ауруханада екі ота жасалып жатқан. 

Талқылау