Сот блогер Руслан Жанпейісовті 15 тәулікке қамады

Шымкентте апелляциялық сот блогер Руслан Жанпейісовтың ісін қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция қызметкерлері оның тікелей эфирдегі әрекеті мен рейд туралы пікірі құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірді деп есептейді. Ал Жанпейісовтің өзі “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасын тәртіп сақшыларының өтінішімен түсіргенін айтады.
“Маған полиция қызметкерлері хабарласып, рейдтерді түсіріп беруді сұрады. “Сенің оқырманың көп, қала тұрғындарын хабардар ет” деді. Сол өтінішпен түсірдім. Сонымен қатар олар жүргізушілерге көлікте міндетті түрде жилет пен өрт сөндіргіш болуы керегін түсіндіруді айтты. Мен ешқандай заңға қарсы әрекет жасаған жоқпын”, – деді блогер.
Алайда сот оны әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды (ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігі – Қызметкердің заңды талабына бағынбау). Ал 23 сәуірдегі алдыңғы шешімді жойды.
Нәтижесінде блогер 15 тәулікке қамауға алынды. Жанпейісов сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.
ОқыңызІстің мән-жайы
Бұған дейін блогерге қатысты полиция қызметкерлері 10 рапорт толтырған. 22 сәуірге қараған түні ол Бәйдібек би даңғылында рейд жүргізіп жатқан полицейлерге жақындап, олардың әрекетін видеоға түсіріп, өз пікірін білдірген. Патрульдік полиция мұны құқық қорғау органдарына құрметсіздік ретінде бағалаған.
Сотта блогер түсірген бейнежазба дәлел ретінде ұсынылды. Кадрларда оның полицейлерге сұрақ қойып, олардың әрекетін заңсыз деп бағалағаны көрінеді. Алайда инспектор блогердің әрекеті полиция жұмысына кедергі келтірді дегенімен, бұл нақты дәлелденбеген.
Райымбеков ұсталған кезде жұмыс орнында болған, ал қамауға алу құжаттары оны уақытша ұстау изоляторына жеткізгеннен кейін рәсімделген. Блогер ешқандай заң бұзбағанын айтып, керісінше полиция оның құқықтарын шектеді деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, басқа бір іс аясында Руслан Жанпейісов полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылып, 4 тәулікке қамалған.
Полиция департаментінің мәліметінше, ол жол қауіпсіздігі бойынша рейд кезінде полицияның заңды қызметіне әдейі араласқан. Қызметкерлерге бірнеше рет жақындап, олардың талаптарын елемеген, жүргізіліп жатқан шараларға кедергі келтіріп, жанжал туғызуға әрекеттенген. Бірнеше ескертуге қарамастан, әрекеттерін тоқтатпаған.
Ал 25 сәуірде Шымкентте полицейге бағынбады деп сотталған автоблогердің ісі тоқтатылғаны хабарланды. Сот шешіміне сәйкес, 46 жастағы Байбарыс Райымбеков әрекеттерінен әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталмаған. Сонымен қатар әкімшілік хаттама толтырған инспекторға да қатысты жеке қаулы шығарылған.