Қазақстанда алименттің ең төменгі мөлшерін баланың қажеттілігіне қарай белгілеу ұсынылды

Жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов алимент төлеу жүйесін өзгертуді ұсынып отыр. Оның айтуынша, ең төменгі алимент мөлшерін баланың негізгі қажеттіліктеріне қарай белгілеу қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұржан Арынғазинов алимент төлеуден жалтаратын борышкерлердің жауапкершілігін күшейту қажет екенін айтты.
“Қазір борышкерлердің ең төменгі жалақыны көрсетіп, жалған жұмысқа орналасатын жағдайлары жиі кездеседі. Соның салдарынан бала айына небәрі 15 мың теңге шамасында алимент алады. Мұндай қаражатпен баланы асырау мүмкін емес екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан біздің міндетіміз сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету. Ал алимент қорын құру мәселесі Үкіметтің құзыретіне жатады. Біз алимент төлемейтін борышкерлердің жауапкершілігін күшейтуді қолдаймыз”, – деді ол.
Арынғазиновтың айтуынша, бүгінде алиментке қатысты 340 мың атқарушылық істің шамамен 12 мыңы күрделі санатқа жатады.
“Олардың арасында ішімдікке тәуелділер, лудомандар, тұрақты мекенжайы жоқ адамдар бар. Кей жағдайларда ата-ана балаларын тастап кетіп, олар балалар үйіне түсіп жатады. Сондықтан біз борышкерлердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынамыз. Егер баланың ата-анасы бар болса, неге оны мемлекет немесе алимент қоры асырауы керек? Біз, сот орындаушылары, әртүрлі тәсілдер арқылы ата-аналарды өз міндетін орындауға мәжбүрлейміз”, – деді Арынғазинов.
Сонымен қатар палата алимент тағайындау тетігін қайта қарауды ұсынып отыр.
“Біз алименттің нақты белгіленген мөлшерін енгізуді ұсынамыз. Қазір пайыздық жүйе қолданылады (1/4, 1/3 және т.б.). Алайда ең төменгі жалақы кезінде төлем көлемі 15–20 мың теңгеден аспайды. Сондықтан баланың негізгі қажеттілігін – тамақ, киім, білім, қосымша курстар мен бос уақытын ескеріп, ең төменгі соманы заңмен бекіту қажет. Бұл жалған жұмысқа орналасу мәселесін де шешеді. Демек адамның табысына қарамастан, белгілі бір нақты соманы төлеуге міндетті болады. Осылайша табысын әдейі төмендету жағдайларының алдын аламыз”, – деді ол.
Сонымен қатар мұндай тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілікті күшейту ұсынылып жатыр.
“Қазір жаза ретінде айыппұл мен қамау қарастырылған. Біз оған қосымша ақылы қоғамдық жұмыстар енгізуді ұсынамыз. Демек табылған қаражат баланы асырауға бағытталады. Сонымен қатар баласын асырау міндетін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті де күшейту қажет”, –деді спикер.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда заңсыз алынған активтерді қайтару есебінен алименттік қор құру ұсынылғаны туралы жазған едік.
Оқыңыз