Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Tesla жүргізушісіз жүретін Cybercab көлігін сынақтан өткізді

Tesla
Фото: Х @TechOperator

Tesla толықтай жүргізушісіз жүретін екі орынды Cybercab электрмобилін сериялық өндіріске қосты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компания сынақ видеосын жариялап, оған:

“Cybercab қазір Giga Texas зауытында өндіріліп жатыр”, – деген жазба қалдырды.

Сондай-ақ техноблогер @TechOperator X желісіндегі парақшасында Cybercab-тың жақыннан түсірілген кадрларын жариялады. Онда Giga Texas-та құрастырылған алғашқы өндірістік Cybercab көрсетілгені айтылған.

Кадрлардан көліктің сыртқы пішінінде айтарлықтай өзгеріс жоқ екенін байқауға болады. Капсулаға ұқсас дизайн мен модельдер желісіне тән алтын түстес реңк сақталған.

Алғашқы таныстырылым

Еске салайық, Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск жүргізушісіз көліктерге негізделген болашақ туралы көзқарасын алғаш рет 2024 жылы таныстырған еді.

Сол кезде рөлі мен басқышы жоқ Cybercab және Robovan концептілері көрсетілді. Маск Cybercab бағасы 30 мың доллардан төмен болатынын және бұл көлік жүргізушісі бар автомобильдерден қауіпсіз болатынын мәлімдеген.

Оның айтуынша, Cybercab сымсыз қуаттау жүйесімен жабдықталып, жайлылық деңгейі шағын қонақ бөлмеге ұқсас болуға тиіс.

Алғашқы пилоттық үлгі ақпан айында пайда болды. Бұл бұрын жарияланған мерзімнен ертерек жүзеге асты. Ал 2026 жылғы қаңтарда компания толыққанды сериялық өндіріс сәуірде басталатынын растаған еді.

Рөлі жоқ салон

Cybercab-тың басты ерекшелігі – онда әдеттегі басқару тетіктері мүлде жоқ.

Салонда екі орындық, минималистік интерьер және үлкен сенсорлы экран қарастырылған. Жолаушылар сол экран арқылы бағыт белгілеп, көліктің түрлі функцияларын басқара алады.

Алайда AutoEvolution есебінде айтылғандай, кейбір сынақтар кезінде Tesla ойын контроллерін пайдаланған. Бұл жабық ғимарат ішінде Cybercab-ты басқаруға мүмкіндік берген, өйткені мұндай жағдайда FSD жүйесінің мүмкіндігі жеткіліксіз болған.

Заң бойынша қиындықтар

Өндірістегі ілгерілеуге қарамастан, жоба алдында әлі де күрделі мәселелер бар. Cybercab-та дәстүрлі басқару тетіктері болмағандықтан, ол АҚШ-тағы қолданыстағы федералдық қауіпсіздік стандарттарына сай келмейді. Себебі бұл талаптар көлікте жүргізуші болады деген қағидаға негізделген.

Tesla-ға жалпы қолданыстағы жолдарға шығу үшін арнайы рұқсаттар мен қолданыстағы нормалардан ерекшелік алу, сондай-ақ жекелеген штаттардың реттеуші органдарымен келісу қажет болуы мүмкін.

Сақтандыру компаниялары тарапынан да қосымша сұрақтар бар. Өйткені толықтай жүргізушісіз көліктерге қатысты тәуекелді бағалаудың дайын үлгілері әлі қалыптаспаған.

Осы тұрғыдан алғанда, өндірістің басталуы – жобаның бір ғана кезеңі. Ең күрделі міндет – рөлі мен педалі жоқ көліктің нақты жол жағдайында қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істей алатындай деңгейге жеткізу.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 16:26