Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық дәмхананың иесі өрт болғанын жасырғаны үшін айыппұл арқалады

Дәмхана өрт айыппұл

Фото: Видеодан скрин

29 сәуір күні әлеуметтік желіні мониторингтеу кезінде Достық даңғылындағы “Friendly” кафесінде болған өрттің видеосы Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлерінің назарына ілікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сол түні дәмханада туған күн болған. Залға отшашуы бар шырақпен безендірілген тортты әкелген кезде, ұшқындар жанғыш интерьер декорацияларына тиіп, өрт шыққан.

Тексеру нәтижесінде мекеме әкімшілігі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Дәмхана ішінде кез келген пиротехниканы қолдануға қатаң тыйым салынған, себебі мұндай орындардағы сәндік материалдар бірнеше секунд ішінде-ақ тұтанып кетуі мүмкін.

Сонымен қатар өрт басталған кезде қызметкерлер 101 нөміріне хабарласпай, оны өз бетінше сөндіруге тырысқан.

Алматы төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, меншік иесіне қатысты екі әкімшілік іс қозғалған:

  • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабы 1-бөлігі (Үй-жайда пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу);
  • "Азаматтық қорғау туралы" Заңның 16-бабы (Өрт туралы өрт сөндіру қызметіне хабарламау).

Әрбір заң бұзушылық үшін кәсіпкер 15 АЕК (шамамен 65 мың теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы мейрамханада қонақтарды тортпен құттықтаудың соң алапат өртке ұласа жаздағаны туралы жазған едік. Жазба авторының айтуынша, қызметкерлер зал ішінде шамдар мен фейерверктерді жаққан. Сол сәтте ұшқын төбедегі немесе қабырғадағы безендіруге тиіп, өрт тұтанған. Жалын өте жылдам таралған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 16:01