Шымкентте полицейге бағынбады деп сотталған автоблогердің ісі тоқтатылды
Фото: Байбарыс Райымбековтің жеке архивінен Шымкент қалалық әкімшілік соты автоблогер ретінде танымал Байбарыс Райымбековке (Руслан Жанпейісов) қатысты істі құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот шешіміне сәйкес, 46 жастағы Байбарыс Райымбеков әрекеттерінен әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталмаған. Сонымен қатар әкімшілік хаттама толтырған инспекторға да қатысты жеке қаулы шығарылды.
Судья Серік Ниязбеков істің не себепті тоқтатылғанын түсіндірді.
"Байбарыс Кенжеғалиұлы Райымбековке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы 1-бөлігі бойынша қозғалған әкімшілік іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", – деді судья.
Бұған дейін блогерге қатысты полиция қызметкерлері 10 рапорт толтырған. 22 сәуірге қараған түні ол Байдибек би даңғылында рейд жүргізіп жатқан Қызылорда облысының полицейлеріне жақындап, олардың әрекетін видеоға түсіріп, өз пікірін білдірген. Патрульдік полиция бұл әрекетті құқық қорғау органдарына құрметсіздік ретінде бағалаған.
Сот барысында блогер түсірген бейнежазба дәлел ретінде ұсынылды. Кадрларда оның полицейлерге сұрақ қойып, олардың әрекетін заңсыз деп бағалағаны көрінеді. Алайда хаттама толтырған инспектор блогердің әрекеті полиция жұмысына кедергі келтірді деп мәлімдегенімен, бұл дәлелденбеді.
Райымбеков ұсталған сәтте жұмыс орнында болған. Қамауға алу құжаттары оны уақытша ұстау изоляторына жеткізгеннен кейін рәсімделген. Блогер өз кезегінде ешқандай заң бұзбағанын айтып, керісінше полиция оның құқықтарын шектеді деп мәлімдеді.
Сонымен қатар басқа бір іс аясында Руслан Жанпейісов полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылып, 4 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Шымкент қаласының полиция департаменті блогердің әрекеттеріне қатысты түсініктеме берді.
"Ол жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатқан полиция қызметкерлерінің заңды қызметіне әдейі араласқан. Қызмет атқару кезінде бірнеше рет патрульдік полиция қызметкерлеріне жақындап, олардың заңды талаптарын елемеген, жүргізіліп жатқан шараларға кедергі келтіріп, жанжал туғызуға әрекеттенген. Оның әрекеттері ашық түрде жасалып, билік өкілдеріне айқын құрметсіздікпен қатар жүрген. Бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, заңға қайшы әрекеттерін тоқтатпаған", – деп хабарлады ведомство.
Полиция департаменті құқық қорғау органдарының заңды қызметіне кедергі келтіруге бағытталған кез келген әрекетке құқықтық баға берілетінін атап өтті.
"Ешқандай арандату, танымалдық немесе қысым жасау әрекеттері жауапкершіліктен босатпайды. Заң байланысына, мәртебесіне немесе танымалдығына қарамастан бәріне ортақ", – делінген хабарламада.