Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық блогер қоғамдық орында балағат сөз айтқаны үшін 3 миллион теңге айыппұл арқалады

Құралай Болатова айыппұл
Фото: Видеодан скрин

Атыраулық блогер Құралай Болатоваға қоғамдық орында балағат сөйлеп, әдепсіз сөздер қолданғаны үшін 3 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атырау қаласының №2 соты оны Қылмыстық кодекстің 131-бабы (Қорлау) бойынша кінәлі деп таныды.

Іс материалдарына сәйкес, ол қоғамдық орында балағат және әдепсіз сөздер қолданған. Сот пен сарапшылардың қорытындысы бойынша бұл әрекет жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген.

“Halyqstan” Telegram арнасының мәліметінше, сот шешімімен Құралай Болатова 2 миллион 800 мың теңге мөлшерінде моральдық өтемақы төлеу және 78 мың теңге айыппұл төлеу міндеттелді.

Еске салайық, Құралай Болатова 2025 жылы күзде болған оқиғадан кейін атыраулықтар арасында танымал болды.

Іс материалдарында екі әйел оны қала сыртындағы зират аумағына алып шығып, сол жерде күш қолданып, соққыға жыққан. Тергеу мен сот нәтижесінде шабуыл жасағандар кінәлі деп танылды. Сот оларға 1 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, сондай-ақ Құралай Болатоваға 1 миллион теңге моральдық өтемақы және 2 миллион 900 мың теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Екі сот үкімі де бір жанжалға қатысты болғанымен, олар әртүрлі қылмыстық істер шеңберінде шығарылып, бөлек орындалады. Сондай-ақ сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 27 Сәуір, 2026 11:27