Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың сотталуы, Иран президентінің қайтыс болуы және қазақ тілін білмей азаматтық берілмеуі : Мамыр несімен есте қалды

2024 жылғы мамыр Қазақстандықтар үшін қалай өтті, несімен есте қалды? Бұл айда қоғамда үлкен резонанс тудырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сот отырысы бітіп, ол 24 жылға сотталды. Елімізде әлі де су тақыны жалғасып жатыр. Дегенмен кей өңірлерде зардап шеккендерге төлем беріле бастады. Ал Қазақстан тарихы мен тілін білмейтіндерге азаматтық берілмейтін болды. Сонымен қатар азаматтар утиль алымын алып тастайық деп петиция жариялап, 50 мың қол жинады. Stan.kz ақпарат агенттігі мамыр айында болған оқиғаларды шолып шықты.

Коллаж: Stan.kz

13 мамырда әйелін ұрып өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды

Судья Айжан Құлбаева экс-министр Қуандық Бишімбаев пен екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа үкім шығарды. Бишімбаев 24 жылға сотталды.
“Сот Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлын Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағында ("Азаптау"), 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағында ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған: 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 7 жыл бас бостандығынан айыру, 99-баптың 2-бөлігімен 20 жыл бас бостандығынан айыру, жазаны ішінара қосу арқылы 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – деді судья.

Сонымен қатар Бишімбаевтан мемлекет кірісі ретінде сот сараптамасын жүргізуге кеткен сот шығындары 2 млн 306 мың 382 теңге, Байжановтан 3 324 теңге өндірілетін болды. Бишімбаевтан жәбірленушіге өтемақы қорына 30 АЕК (103 500 теңге) мәжбүрлі төлем, Байжановтан – 20 АЕК (69 мың теңге) мөлшерінде өндіріледі.
Сондай-ақ судья Айжан Құлбаева сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін хабарлады. Осылайша барлығы 6 айға созылған іс, 1,5 айға созылған сот отырысы аяқталды.

Ал 28 мамыр күні Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары сот үкіміне қатысты үш аппеляциялық шағым түсірді.

БАҚ өкілдері “Бишімбаевтың өзі шағым түсіре ме” деген сауалына адвокат “шағым түсіреді” деп жауап берді. Адвокат Ерлан Ғазымжанов атап өткендей, апелляцияда 20-ға жуық процессуалдық заң бұзушылықтар көрсетілген.

Бишімбаевты қорғаушылардың пікірінше, судья сот талқылауы кезінде олқылықтарға жол берген. 27 мамырда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша 4 жылға сотталған Бақытжан Байжанов апелляциялық шағым түсірген.

БАӘ-дегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі 10 жыл тұрмыста зорлық көргенін айтты

Салтанат Нүкенованың жантүршігерлік оқиғасынан соң Қазақстанда тұрмыста зорлық көрген біраз әйел өз оқиғасын ашық айтып, көмек сұрап жүр. Солардың бірі – БАӘ-дегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш. Ол 6 мамыр күні әлеуметтік желілерде күйеуінен жүйелі 10 жыл бойы таяқ жегенін мәлімдеді.

Карина Мамаш дипломатқа 17 жасында тұрмысқа шыққан. Онымен 15 жасында "Мой мир" әлеуметтік желісінде танысқан, екі рет кездескен. Ал үшінші кездесуде Сәкен Мамаш Каринаны өзімен бірге алып кеткен. Бірақ отандасқан 10 жылда әйел тек Бельгияда тұрған кезде ғана бақытты болдым деді. Себебі алғашқы неке түнінен-ақ қатал болған, 10 жыл бойы ұрып-cоққан.

Ал осының бәрін хабарламай тұрған бір күн бұрын жұбайы оны ғана емес, оларға қонаққа келген әпкесін де ұрған. Басына қатты соққы алғаннан кейін Каринаның беті-аузы көгерген, көруі қиындаған. Қазір әйел балалары, әпкесі және анасымен бірге Астананың дағдарыс орталығында. Кейіннен ішкі істер вице-министрі Игорь Лепёха қазақстандық дипломат Сәкен Мамашқа қатысты "Азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Құлсарыда адамдар митингке шықты

Баспанасыз қалған Құлсары тұрғындары өтемақы талап етіп, әкімдіктің алдына жиналды. 16 мамырға қараған түні олар әкімдік алдына түнеп шықты.

Тұрғындар алғашында әкімдіктің шақыртуымен жергілікті мәдениет үйінде жиналған, біраз күткен соң әкімдіктің ғимаратына бет алған. Халық әкім орынбасарының жауабына қанағаттанбағанын айтып, өтемақыны өз қолдарына беруді талап етті.

Бұған дейін ақша тек үйі жөндеуге келетін тұрғындарға ғана беріліп, баспанасы жарамсыз деп танылған азаматтардың ақшасы құрылыс компаниясына аударылатыны айтылған. Алайда тұрғындар құрылыс компанияларының үйді сапалы салатынына сенбеді.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов жиналғандарға өтемақы төлеу, жаңа тұрғын үй беру туралы ақпарат берді. Жедел штабтың ақпаратына сәйкес, Жылыой ауданында су басқан 2 920 үйдің 2 906-сы судан тазартылған. Бүгінде 2 667 тұрғын үй техникалық зерттеуден өтті, 2 622 тұрғын үйге бағалау жүргізілді. Барлығы 3000-ға жуық өтініш түсті. Су тасқынынан зардап шеккен 3904 тұрғынға 100% біржолғы төлем аударылды.

22 мамыр күні Жылыой ауданы әкімдігі митинг аяқталып, тұрғындар тарқасқанын айтты. Бейбіт жиынға қатысушылардың шатырлары алып тасталды. Барлық қоғамдық орындар әдеттегідей жұмыс істеп тұр.

Айдың аяғында Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлене бастады. Ал 28 мамырда премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды бағалауды осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Бағдат Мусин қызметінен кеткен соң орнына Жаслан Мәдиев келді

30 сәуір күні экс-министр Бағдат Мусин қызметінен кеткен соң Жаслан Мәдиев Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына 6 мамыр күні тағайындалды. Ол 1983 жылы 13 маусымда дүниеге келген. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "әлемдік экономика және халықаралық қаржы" мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Нью-Йоркте Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебін, Массачусетс технологиялық институтын, Слоун бизнес мектебін тәмамдаған. Мамандығы – экономикалық саясатты басқару.

2016 жылы ол ҚР премьер-министрінің, ҚР премьер-министрі кеңсесінің кеңесшісі, 2017-2019 жылдары "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның қаржы жөніндегі вице-президенті болды. Ал 2019 жылы Қазақстанның Экономика вице-министрі болған.

Қазақстан тарихы мен тілін білмейтіндерге азаматтық берілмейді

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, "Азаматтық туралы" заңда азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері нақтыланды. Енді мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматтығын ала алмайды. Ведомство бұл түзетулердің әлемдік тәжірибеге сәйкес екенін айтты. Көптеген елдерде азаматтық алу үшін мемлекет тарихын және мемлекеттік тілді білуге арналған емтихан тапсырады.

Мысалы, Германияда азаматтық алуға үміткерлер неміс тілін білуге және неміс мәдениеті мен дәстүрін сақтауға міндетті. Канадада сол елдің азаматы болу үшін тарихы мен жауапкершілігін білуіңіз керек, сонымен қатар провинцияға байланысты ағылшын немесе француз тілдерін білуге арналған тесттен өтуіңіз керек. Түркияда жалпы негізде азаматтық алған кезде түрік тілін білу міндетті.

“Мысалы, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажет деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды. Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздейді. Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет”, – деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Утиль алымын алып тастау туралы петиция 50 мың қол жинады

Қазақстанда утиль алымы мен бастапқы тіркеуді төлемеу туралы петиция жарияланып, ол 50 мыңнан астам қол жинады. Петиция өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-5-бабына сәйкес келіп түскен өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мерзімде қаралады.

Қоғам қайраткері Санжар Боқаев утиль алымды төлеу бойынша нақты сандарды атап көрсетті. Оның айтуынша, қазақстандықтар утиль алымға 120 мың теңге төлеудің орнына, 3,5 миллион мен 4 миллион теңге аралығында салық төлеп келген. Сонымен қатар ол "Оператор РОП-тың" жылдық есебіне қарасақ, 40 мың автокөлікті кәдеге жарату арқылы олар 6 миллиард теңге табыс көргенін атап өтті.

Санжар Боқаев еліміздегі автокөлік иелері келесі төлемдерді төлеуге мәжбүр екенін айтты.
Бұған дейін олар кедендік баждың 15% төлеп келсе, енді қоғамдық қозғалыс мүшелері одан халықты босату керек деп отыр. Саясаттанушы ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы есебін негізге ала отырып, Қазақстан автопаркінің ескіру деңгейін зерттеп шықты.
Жеңілкөлік паркінде он жылға дейінгі көліктердің үлесі небәрі 31%, он жылдан жоғары – 69%-ға тең.

Жүк көліктерінде он жылға дейінгі көліктердің үлесі 20%, он жылдан жоғары – 80%.
Жолаушылар автокөлігінде он жылға дейінгі үлес 27,2%, он жылдан жоғары – 72,8%.
10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі 50%-дан мүлдем аспауы керек. Бұл мәселеге қатысты 28 мамырда Алматыда #НетУтильсбору қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен утиль алымдарды алып тастау туралы баспасөз отырысы өтті.

Атышулы "Айка тізімін" жасаған блогер 6,5 жылға сотталды

Алматыда қалталы азаматтарға эскорт қызметін ұсынып, “жеке” секс-кештер ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған 25 жастағы бойжеткенге қатысты сот үкімі шықты. Атышулы "Айка тізімін" жасаған блогер қыз 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол сексуалдық қызмет көрсетуге дайын келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттерді тартумен айналысқан. Атышулы тізімі қоғамда біраз шу тудырған сотталушы мефедронды заңсыз иемденген, сақтаған және тасымалдаған, сондай-ақ жеңгетайлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотталушы қыздарға “демеушілер” табуға, әлемді аралауға және өмірін жеңілдетуге уәде берген. Ал топқа кіру құны 300 доллар болған. Көрсетілген жеңгетайлық қызметі үшін сотталушы клиенттен түскен табыстың 40%-ын өзіне алып отырған. Ақшаның қалған бөлігі қызмет көрсеткен қызға беріледі. Айыпталушы ретінде М және Т есімді азаматтар саналған.

Айка аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз иемденді, сақтады және тасымалдады, сондай-ақ 52 эпизод бойынша бір топ адамдармен жеңгетайлық жасады деп (Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі, 309-бабының 2-бөлігі, 1-тармағы) айыпталып, 6 жыл 6 айға сотталды. Ал оның сыбайласы бір топ адамдармен 12 эпизод бойынша жеңгетайлыққа көмектесті деген айыппен (Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 309-баптың 2-бөлігі, 1-тармағы) 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен және іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді.

31 мамырдан бастап Алматы тұрғындарына төтенше жағдайлар кезінде жіберілетін хабарламалар келді

Айдың соңғы күні 31 мамырда Алматыда тұрғындардың телефондарына тест режимінде төтенше жағдайлар кезінде жіберілетін хабарлама келе бастады. Мass Alert тест режиміндегі ескерту тұрғындарға 31 мамыр күні сағат 12:00-де келген. Алайда хабарлама тек Android операциялық жүйесі бар құрылғыларды пайдаланушыларға ғана жіберілді.

Желіні қамтудың барлық аймағында, сондай-ақ жекелеген таңдалған географиялық аймақтарда қатты дыбыспен және мәтінмен мынадай хабарламалар келіп түсті:

"Алаңдамаңыздар. Халықты хабардар ету жүйесіне тексеру жүргізіліп жатыр", "Не беспокойтесь. Проводится проверка системы оповещения населения", “Remain calm. The public alert system is being tested”, – делінген жазбада.

Ал хабарламаның тақырыбында "президенттік құлақтандыру" деп жазылған. Хабар тарату 4370 арнасында "Президенттік құлақтандыру" және "Ұлттық құлақтандыру" деген тақырыппен жүргізілді. Мass Alert жобасы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Әлемде не болды?

Иран президенті тікұшақ апатынан қайтыс болды

20 мамырға қараған түні Иран президенті мінген тікұшақ Әзірбайжан шекарасына жақын Верзеганда апатқа ұшырады. Тікұшақтағылардың барлығы да мерт болған дейді. Иран президенті Ибрахим Раиси мен сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян да қаза тапқан. Тікұшақта Иранның Шығыс Әзірбайжан провинциясының губернаторы Малик Рахмети және Тебриз провинциясының аятолласы Али Хашим болған.

Қайғылы оқиғаға дейін Раиси Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Олар Аракс өзенінің шекарасында орналасқан Гыз-қала бөгетін ашты. Бұл жерде Ибраһим Раиси халқына бөгеттің қандай пайда әкелетінін түсіндіреді. Үйіне қайтып келе жатқан оның тікұшағы апатқа ұшырады. Тікұшақ апаты неден болғаны әзірше айтылмады.

Қазір Иран халқы алаңдаулы. "Бұл жаңалық расталғанда, біз маңызды нәрсені, қолдауды жоғалтқандай сезіндік”, – дейді олар. Қазір елде президенттікке кандидаттарды тіркеп жатыр.

Тоқаев Ибрахим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің Шығыс Әзірбайжан провинциясында тікұшақ апаты салдарынан қайтыс болуына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен Бірінші Вице-Президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.

Израиль Рафахқа қайта шабуыл жасады

БҰҰ-ның халықаралық соты Израильге Рафахқа шабуылды тоқтату жөнінде талап қойған. Осыған қарамастан Израиль 25 мамырда Газа секторына, соның ішінде Рафахқа қайта соққы жасады.

AFP агенттігі журналистерінің мәліметіне сәйкес соққы сенбіде Рафах пен Дейр-әл-Балах қалаларына жасалған. Газадағы ВВС тілшісі халықаралық сот шешімі жарияланған соң бірер минуттан кейін Израиль әуе күштері Рафахтағы Әл-Шабура лагеріне соққы жасаған.

Израиль Рафахтағы әскери операциясын мамырда бастап еді. Бұған дейін АҚШ пен өзге де одақтастары жерүсті шабуылы талай адамның өмірін қиып, гуманитарлық дағдарысқа әкеп соғатынын ескерткен. Рафахта бұл кезде соғыстан қашқан 100 мыңнан аса адам болған. Шабуыл басталған соң қаладан 800 мыңға жуық бейбіт тұрғын кетіп қалған.

Осыдан кейін желіде адамдар "All Eyes on Rafah" сөзін жариялап, әлем назарын Рафахтағы қақтығыстарға аударуға тырысты. Белсенділер мен гуманитарлық ұйымдар "Барлық назар Рафахқа" атты флешмобты бастады. Бастама науқан ұраны бейнеленген суретті белсенді түрде таратудан тұрады, оның артында босқындар шатырлары бар. Бүгінде бұл фотоны өз парақшасында ондаған миллион адам бөліскен.

Төрт мемлекет Палестинаны бөлек мемлекет деп мойындады

28 мамырдан бастап Ирландия премьер-министрі, Испания мен Норвегия Палестинаны бөлек мемлекет деп мойындайтындарын мәлімдеді.

Ең бірінші болып Норвегия Палестинаны мемлекет ретінде танитынын мәлімдеді. Артынша Ирландия мен Испания да осы қадамға барды. Мәлімдеулерінше, бұл Израиль-Палестина қақтығысын реттеуге көмектеседі.

Испания премьер-министрі Педро Санчес оның елі 28 мамырда Палестинаны мемлекет ретінде танитынын айтты. Испания социалистерінің жетекшісі мәлімдемені парламентте жасады.

Санчес бірнеше ай Еуропа мен Таяу Шығыс елдерін аралап, Палестинаның мемлекет ретінде танылуына, сондай-ақ Газадағы атысты тоқтатуға қолдау көрсетті. Ол бұл қадамға бел байлағанын бірнеше рет айтқан.

Мамырдың басында Испания сыртқы істер министрі Хосе Альбарес АҚШ мемлекеттік хатшысы Антони Блинкенге Палестинаны тану ниетін хабардар етті.
22 мамырда Норвегияның премьер-министрі Джонас Гар Сторе Палестинаны мемлекет ретінде ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді. Кейіннен бұл шешімді Словения үкіметі де қолдады.

Талқылау