Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір түлек 140 балл жинады: ҰБТ-ның бес күндік нәтижесі белгілі болды

Республика бойынша өтіп жатқан ҰБТ-ның бес күндік нәтижесі белгілі болып, Түркістан облысында бір түлектің 140 балл жинағаны айтылды. Бұл туралы БҒМ жоғарғы және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Алтын белгі

«Қазақстан Республикасы бойынша ҰБТ 20 маусым күні басталған болатын. Осы уақытқа дейін бес лек тестілеуден өтті. Жалпы өтініш берген 74 365 түлектің 71 227-сі тестілеуге қатысты. Бұл өтініш берушілердің 96%-ін құрады. Оның ішінде 56 684 түлек қазақ тілінде, 14 455 түлек орыс тілінде тапсырды. Сондай-ақ, тестіні ағылшын тілінде 87 түлек тапсырып жатыр», - деді департамент басшысы. 

Әрі қарай ол 24 маусым күні ең жоғарғы балл 140 болғанын айтты. Аталған нәтиженің иесі – Түркістан облысы Сарыағаш ауданының түлегі – «Алтын белгі» иесі Қасымжан Жұбай.

Бүгінгі таңда биология, химия, математика және физика сынды пәндер ең көп таңдалып отыр. Мұнымен қатар, ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 21 бала қатысты. Олармен арнайы мамандар жұмыс істеп, тестілеу қажет деген аудиторияда өткізілді. 

«Өңірге жіберілген министрлік өкілдері ҰБТ өткізу технологиясын сақтау мақсатында жіберілді. Барлық тестілеу өткізетін орын бейнекамералармен және ұялы байланысты басатын құралдармен жабдықталған. Жалпы тестілеу өткізу мерзімінде ұлттық тестілеу орталығының call-орталығына 546 қоңырау келіп түсті.

Олардың көп бөлігін ЖОО-ларға түсу туралы ақпарат пен тамыз айында өтетін ҰБТ қызықтырып отыр. ҰБТ-2019 нәтижелері edu.mail.kz сайтында және телеграм-ботта - edu.gov.kz bot, сонымен қатар, ұлттық тестілеу орталығының сайтында - www.testcenter.kz жарияланды», - дейді министрлік өкілі.

Сөз соңында Тойбаев республикалық аппеляциялық комиссияға 111 өтініш келіп түскенін және оның 63-і қанағаттандырылғанын айтты. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін талапкерлердің 75%-інің тестіні қазақ тілінде тапсыруға өтініш білдіргенін хабарлаған едік. 

Талқылау