"Бір сағат ішінде дайындалып, ұшып кеттік": Қазақстандық ұшқыштар Ауғанстаннан адамдарды қалай эвакуациялағанын айтып берді
18 тамыз күні Ауғанстаннан Қазақстанға 41 адам эвакуацияланды. Азаматтарды эвакуациялау жұмыстарын жүргізген кеме командирі капитан Станислав Бирюков, капитан Шыңғыс Алдоңғаров және аға лейтенант Хайдила Байдәулет тиісті жұмыстардың қалай жүргізілгені туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.
18 тамызда Қазақстан Республикасы қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің С-295 әскери-көлік ұшағы Алматыға қонды, оның бортында Қазақстан Республикасының 25 азаматы, 14 Қырғызстан азаматы, 1 Ресей Федерациясының және 1 Литваның азаматы болған.
Талибандар басып алған Ауғанстан аумағынан азаматтарды эвакуациялау жұмыстары Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігінің толық көмегімен жүзеге асты.
Эвакуацияланғандармен бірге С-295 әскери-көлік ұшағының экипаж мүшелері, кеме командирі капитан Станислав Бирюков, капитан Шыңғыс Алдоңғаров және аға лейтенант Хайдила Байдәулет болды.
Ауғанстанға эвакуациялық ұшу жоспарланған күні Шыңғыс Алдоңғаров басқа экипаж мүшелерімен бірге кезекшілікке шықты. Оларға Өзбекстанның, Тәжікстанның және Ауғанстанның әуе кеңістігінен өтіп, осы рейсті жасау тапсырылды. Эвакуациялық рейс Шымкенттен орындалды және 2,5 сағатқа созылды. Қарама-қарсы бағытта С-295 ұшағы Алматыға қонды. Ұшу ұзақтығы 3 сағат 40 минутты құрады.
“Менің экипаж командирі ретіндегі міндеттеріме жүктелген тапсырманың орындалуы, яғни ұшу мен қонуды қамтамасыз ету кірді. Әуежайға келген кезде жағдай тұрақты болды. Аэродром алдын ала дайындалған болатын. Біздің ұшақтың жанында басқа да елдердің ұшақтары болды. Басым көпшілігі АҚШ әуе кемелері болатын. Азаматтарды эвакуациялау уақытын қоса алғанда, Ауғанстан аумағында 1,5-2 сағаттай болдық”, – дейді капитан Алдоңғаров.
Экипаж командирі жағдайдың өзгеруіне байланысты Ауғанстан үстіндегі әуе кеңістігі бақыланбайтынын түсіндірді.
“Ауғанстан аумағының үстінен басқа мемлекеттердің көптеген ұшақтарының ұшатынын ескеру қажет болды. Біздің ұшақ TCAS (Aircraft Early Air Collision Warning System) жүйесімен жабдықталған. Бұл бағдарлама әуе кемесінің айналасындағы жағдайды бақылауға және ауадағы басқа ұшақтармен радио қозғалысын үйлестіруге мүмкіндік береді. TCAS жүйесінің арқасында барлық ұшқыштар биіктіктің белгіленген шегінде ұшып бара жатқанда бір-бірін көре алады”, – деп түсіндіреді капитан Алдоңғаров.
"С-295" әскери көлік ұшағының бортындағы екінші экипаж командирінің міндеттерін Станислав Бирюков орындады.
“Ұшу алдында экипаж командирі экипаж үшін де, ұшақ үшін де жаттығулар өткізеді. Сонымен қатар арнайы авиациялық құжаттардың тізімі толтырылады. Бұл рейс апатсыз өтті. Ол басқа мемлекеттердің әуе шекарасын бұзбай, әуе кеңістігін пайдаланудың халықаралық ережелеріне сәйкес орындалды. Тапсырма қиын метеорологиялық жағдайларда – қоршаған ортаның температурасы көтерілген дағдарыс аймағында орындалды. Эвакуация да жоспар бойынша жүрді. Тізімді тексеру, құжаттарды тексеру және жолаушыларды тиеу ережеге сәйкес жүзеге асырылды. Артынша бізге міндеттелгендей, жолаушыларды тиісті жерге жеткіздік”, – дейді Станислав Бирюков.
Мұндай маңызды рейстің бортында экипаж командирінің көмекшісі де болған. Бұл жауапкершілік аға лейтенант Байдәулет Хайдиллдің мойнына артылды.
Оның айтуынша, ұшу күні экипаж біздің азаматтарымызды Ауғанстан Ислам Республикасының аумағынан көшіру бойынша маңызды тапсырма алды. Бір сағат ішінде барлық дайындықты аяқтап, межелі жерге ұшу керек болды.
“Менің экипаж командирінің көмекшісі ретіндегі міндеттеріме ұшу жоспарын беру, радиобайланысты енгізу, сонымен қатар жолаушылар мен әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кірді. Ұшу әдеттегідей өтті. Эвакуация процедурасын біздің елдің Ауғанстандағы өкілдері жүргізді. Ол кезде біз жолаушыларды тиеудің аяқталуын күтіп, ұшақта болдық”, – дейді ол.