"Білгендерін жасауды қашан қояды": Алматылық жігіт қаладағы дәмханалардың бірі чекті рубльмен бергеніне ашуланды
Алматылық Batya228 есімді желі қолданушы видео жариялап, қаладағы дәмханалардың бірінде болған келеңсіз оқиғаны айтып берді. Оның айтуынша, оған пиццерия төлемді банк терминалы арқылы қабылдап, түбіртекті рубльмен шығарып берген. Желі қолданушысы бұған наразылығын білдірді. Stan.kz тілшісі мейрамхана әкімшілігінен істің мән-жайын сұрап білді.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Ер адамның айтуынша, дәмхана ресейлік франшизамен жұмыс істейді.
"Орыстар барған жерінде білгендерін жасауды қашан қояды екен?.. Жаңа ғана Rony пиццериясында болдым. Бұл – ресейлік франшизамен жұмыс істейтін дәмхана. Есепшотты сұраған кезде маған чек әкелді. Жалпы сомада теңгемен 3 950, ал рубльмен 4 345-ті көрсетіп тұр. Бұл не сұмдық? Біз ұлттық валюта – теңгесі бар тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Неліктен олар маған рубльмен есепшот әкеледі? Бұған үзілді-кесілді қарсымын, өйткені біздің елімізде бірыңғай валюта – теңге бар. Біз мүлдем рубльді пайдаланбаймыз", – деді ол.
Ал пиццерия әкімшілігі аталған жағдайға пікір білдіріп, сол күні мейрамханада техникалық ақау болғанын айтты.
"Біріншіден, нақты мән-жайды білмейсіздер. Екіншіден, кеше бір күн программада техникалық ақау болды. Тиісті адамдарды шақырып, жөндеттік. Ешкім рубльді қабылдап, сатып отырған жоқ. Барлығын теңгемен қабылдаймыз және қабылдай береміз. Дәмхана ашылған күннен бері тек теңгемен жұмыс істейді. Доллар немесе рубль емес... Бір ғана ақауға бола, дүрліктіріп қажеті жоқ. Мұнда теңгемен қызметкерлердің жалақысын төлеп отырмыз. Әлі күнге дейін бұл жерде орыстардың жұмыс істегенін көрмедім", – деді дәмхана менеджері (атын жасырын қалдыруды өтінді).
Видео астындағы комментарийде қолданушылар екіге бөлінген. Кейбіреуі мұны әзіл деп қабылдаған.
"Рубльмен олар өздеріне ыңғайлы курс алады. Ақша айырбастау пунктінен рубль алып, арзанырақ тамақ жеуге болады", "1 рубль 7,42 теңге... Өздерінің қойған бағасы ма?", "Бұған қоса түбіртек орысша, заң бұзып жатыр", "Ал массмаркеттерде көрсетілген доллар, рубль және еуро бағалары дұрыс", "Кейбір мекемелер доллар қабылдайды", – деп жазды олар.
Енді бірі мекемеге бойкот жариялауға шақырды.
"Заң бойынша теңгеден басқа ақшаны төлем ретінде қабылдауға болмайды", "Онда Ресей де, теңгемен қабылдасын", "ТikTok-та емес, бірден мейрамханаға барып, беттеріне лақтыру керек. Егер осындайды тағы да көрсем, мейрамхананы жауып тастаймыз", "Сіз Қазақстанда жұмыс істеп жатқандықтан оның халқын және заңын құрметтеуіңіз керек. Егер сіз төлемдерді рубльмен қабылдағыңыз келсе, бұл үшін Ресей бар. Бұл мекемеге аяқ баспаңыз", "Қазақстанда төлем тек теңге, неге басқа валютаны пайдаланасыздар? Сіз өзіңізді Қазақстан Республикасының заңдарынан жоғары қоясыз ба?", – деп үндейді қазақстандықтар.
Еске салайық, бұған дейін Алматыға қонаққа келген америкалық ару мейрамханалардың қазақ тілінде қызмет көрсетпейтінін айтып шағымданды. Ол орыс тілінде қызмет көрсеткен дәмханалардың тізімін де жасапты. Ол қалғаны қазақша сөйлеу тұрсын, тіпті, түсінбейтінін айтып, наразылық білдірді. Бұдан бөлек өзінің 3 жылдан бері қазақ тілін үйреніп жүргенін тілге тиек етті.