Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бай-бағландар жерді гектарлап иемденген": Түркістан облысының тұрғындары мал жаятын орын таппай жүр

Түркістан облысының Аққала ауылының халқы мал жаятын ұлтарақтай жер таппай қалды. Айтуларынша, соңғы бірнеше жылда ауыл маңайындағы гектар-гектар алқаптарды иеленген бай-бағландар жайқалған көк майсаны жыртып, егін егіп, тұрғындарға төрт түлігін бағатын жер қалдырмай келеді. Сорақысы сол, олар тіпті 5-6 шақырымдағы ортақ жайылымға барар жолдың өзін бөгеп, онда да дәнді-дақыл егіп тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Жер

Аққала тұрғындары жайылым жер алыстан емес, ауыл іргесінен қалуы керек дейді. Айтуларынша, жайылым жерді жалға алғандар шетінен жыртып, түгел егістікке айналдыруға кіріскен. Ал бір жыртылған жерге ондаған жыл шөп шықпайды дейді халық. Сондықтан болашақта малдарын қайда апарып жаятындарын білмейді. Әрі жайылымды суармалы аумаққа айналдырғандарға ауылда беретін су тапшы. Олар іргедегі жалғыз көл суына қол салып, оны да суалдырады деп алаңдайды. 

"Жыртылған жер бір 50-60 жылда өзінің бастапқы құнарына зорға келеді. Ол жерде шығып жатқан көп жылғы шөп бар. Олардың тұқымы мүлде құрып кетеді. Сонда ауылдың малы топырақ жей ме? Ауылдың айналасындағы жайылатын жерді түгел жыртып тастаса", – деді Аққала ауылының тұрғыны Әкім Жаманбаев. 

Ауыл тұрғындары жерді жылда алатын да, жыртатын да үш-төрт бай-бағлан дейді. Олар ортақ жайылымға барар жалғыз жолды да жауып, халықты жүргізбей отыр деп ашулы. Қазір ауылдың шетіне дейінгі жер жыртылған екен. Ал шенеуніктер халыққа"малдарыңыз есепте жоқ, тиісінше малы жоққа жайылым да қажет емес" деп қайтарыпты. Бірақ, жиналғандар тізімді мал дәрігеріне түгел өткіздік деп отыр. 

Қараша жұрттың алдына келген Арыс әкімі Аққаладағы жер жыртушылар конкурс арқылы жер алған шаруа қожалықтары деді. Оның үстіне суармалы жерді көбейту жайлы тапсырма бар екен. Ал жайылымды жүз гектарлап заңсыз жырту және ортақ жайылымға барар жолды жабу дерегін тексереміз деді. 

"Енді игерілмей қайтарылып жатқан жерлердің барлығын халыққа ыңғайлы жері болса, ортақ жайылымға қалдырылады. Ешқандай конкурс өткізбейміз деп тапсырма бердім. Тек босаған жер болатын болса, суармалы жерді ғана конкурсқа қоямыз", – деп мәлімдеді Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова.

Онда да ол жерлерді жергілікті халықтың ұтып алуына жағдай жасаймыз деп уәде етті. Бұрын жайылым алған шаруа қожалықтарының 1200 гектарына ауыл халқы малын жаятын келісім шарт жасап жатқандарын да қосып өтті. 

Талқылау