Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанда буаз ақбөкендерді атуға рұқсат берілді

Батыс Қазақстанда буаз ақбөкен санын жоспар бойынша қысқартып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото ашық дереккөз

"Ғалымдардың пікірінше осы кезеңде ұрық әлі дамымағандықтан және эмбрион кезеңінде болғандықтан ақбөкен аулауға рұқсат берілді. Бұл туралы "Батыс Қазақстан облыстық аймақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы" РММ жетекшісі Нұрлан Рахымжанов мәлім етті. 

Жануарларды аулау 10 қаңтарда басталды, 29 ақпанға дейін жалғасады. Рахымжановтың айтуынша, өткен жылы жоспар бойынша 226 мың түр (Батыс Қазақстандағы ақбөкен түрінің шамамен 20%-і) аулану керек еді. Бірақ былтыр бар болғаны 20 мыңға жуық ақбөкен ауланған.

"Жоспарланған санның 10%-ін де ұстай алмадық. Тиімсіз жұмыс істелді. Биыл қаулы шығып, қазір аулау жұмыстары жүріп жатыр. Әрине, түрлі қиындықтар кездеседі. Оның ішінде ауа-райының қолайсыздығы да бар. Бізден және Атырау облысынан жалпы 22 бригада жұмыс істеп жатыр. Олар – аңшылар және әр бригадада міндетті түрде процесті бақылайтын инспекция қызметкерлері болады. Сонымен қатар бәрін жазып, таңбалап отыратын, мүйізіне штрих қоятын алматылық бригада жұмыс істейді. Содан кейін деректер сақтау үшін Алматыға жіберіледі", - дейді Рахымжанов.

Жақында ауыл тұрғындары ақбөкенді заңсыз қырып жатқанның куәсі болып, оның алдын алуға тырысқан. Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Қызылжар ауылының төрт тұрғыны инспекторлармен жанжалдасып, полиция бөліміне жеткізілді.

“Қызылжар ауылының төрт тұрғыны "Охотзоопром" кәсіпорны қызметкерлері мен қорықшыларының ондаған, тіпті жүздеген ақбөкендерді қалай жойып жатқанының куәсі болды. Олардың көпшілігі буаз еді. Олар бұған жол бермеуге тырысты, содан төбелес басталып, тұрғындар ұсталды, ал жануарларды қырғандар бостандықта қалды. Заң инспекторларға, басқа да мемлекеттік қызметкерлерге жазылмаған ба? Қазір бұл ауыл адамдары инспекторларға шабуыл жасағандай ақпарат берілуде”, – деді ауыл шаруашылығы сарапшысы, "Агрохолдинг Qazyna" басқарма басшысы Алмасбек Сәдірбай. 

Бұған дейін елімізде әуесқойларға да ақбөкен аулауға рұқсат берілетіні туралы хабарлаған едік. Алайда олардың мүйізін сату мақсатында аулауға болмайды. Жануарларды атуды тек бекітілген аңшылық шаруашылықтарының арнайы аумағында, сондай-ақ бөлінген квотаға сәйкес жүргізуге болады.

Талқылау