Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрі мені итеріп, қашып шықты": Шамалғандағы апаттан зардап шеккен әйел оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Алматы облысындағы Шамалған станциясында болған жантүршігерлік апаттан зардап шеккен 33 жастағы Эльмира Жәнібекова сол күні болған оқиға туралы айтып берді. Бүгінде ауруханадан шыққан әйел әлі де екі қолын қозғап, ұзақ уақыт тұра алмайды. Оның сөйлеуі де қиындаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. 

«Мен ешнәрсе істей алмаймын»: Пойыз қаққан автобус жүргізушісінің соңғы сөзі

Үш аптадан аса уақыт ауруханада жатып, екі күрделі ота жасалып, жүруді қайта үйренген Эльмира Жәнібекова бүгінде ауруханадан үйіне жіберілген. Алайда оның жағдайы әлі де мәз емес.

«Қазір кішкентай бала сияқтымын. Жүруді енді-енді үйреніп келемін. Жүрудің өзі қиынға соғуда. Бір-екі қадам жасап, қайта құлап қаламын», - дейді әйел.

Апаттан зардап шеккен әйелдің сөзінше, сол күні ол үш және бес жасар қыздарымен бірге Тұрар аулындағы ата-анасының үйіне бара жатқан. Әдетте автобусқа көп отырмаймын деген ол дәл сол күні қоғамдық көлікпен жетуді ұйғарыпты. Білмеймін, автобуспен жеткім келді, дейді ол.

«Автобустың ортаңғы жағында отырдық. Әрі қарай өткелге дейін жеттік. Сол жерде әдеттегідей кептеліс болды. Екі пойыз өтті. Артынша автобус өткелге жетті. Автобус өтіп кетеді деп ойладым. Көшеде диспетчердің тұрғанын көрдім. Ал балалар бұл кезде телефонға қарап отырған еді. ... Бір кезде адамдар улап-шулап, пойыз келе жатқанын айтып, «есікті аш» деп айқайлай бастады. Ал жүргізуші бастапқыда есікті ашпады. Білмеймін, есі шығып кеткен болар. Артынша адамдардың шуы үдей түскенде, алдыңғы есікті ашты.

Мен автобустың ортасында отырғандықтан, балаларды алып шығамын дегенімше үлгермей қалдым. Адамдар мені итеріп, бәрі қашып шықты. Балаларды жүргізушінің орындығының артқы жағындағы жерге итеруіме тура келді. Қыздарымды ол жерге отырығыз та үлгермедім. Қарасам, сол жағымнан пойыз келе жатты. Бәрі кеш еді», - деп еске алады Эльмира Жәнібекова. 

Әйел апаттан кейін есінен танып қалған. Арада біраз уақыт өткеннен кейін есін жиған ол бірден балалары туралы сұрапты. Алайда оған бәрі жақсы екенін, біразда жедел жәрдем алып кететінін айтқан. Ал Эльмира қыздарының ауыр халде жатқанын тек үшінші күні естіпті. 

Бүгінде Эльмираға қыздары туралы айту оңай емес. Үлкен қызы апаттан бір апта өткеннен кейін есін жиса, кішісі әлі күнге дейін өкпені жасанды тыныстандыру құрылғысының көмегімен жатыр. 

«Қыздарымның ауыр халде жатқанын естігенімде, өте нашар күйде болдым. Бұл өте ауыр, себебі олар менің балаларым. Кіші қызымның әлі күнге дейін есін жимағаны жаныма батады. Бұл сұмдық. Олардың тірі қалғаны үшін Аллаға шүкір деймін. Алайда әрі қарай не боларын, кіші қызым ояна ма, жоқ па, білмеймін. Маған өте ауыр», - дейді көзіне жас алған Эльмира.

Ал дәрігерлер әйелдің денсаулығына күйзеліс пен уайымның қатты әсер етіп жатқанын айтады. Алдағы уақытта бұрынғыдай өмір сүре алады, дейді. Алайда қазір оған оқыс қимылдауға болмайды және жақсы психолог пен реабилитологтың көмегі қажет болуы мүмкін.

Еске сала кетсек, күні кеше дәл осы Ақсеңгір-Шамалған өткелінде жантүршігерлік жол апаты орын алды. Автобус жүргізушісі сигналдарға қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты қағып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақаттанды. Олардың екеуі - бала, біреуі - әйел адам. 

Талқылау