Ақтөбелік тұрғын Pinduoduo-дан алған 1000 теңгелік зат үшін сотталды

Ақтөбелік тұрғын Pinduoduo-дан алған 1000 теңгелік зат үшін сотталды. Ол тапсырыс берген кастет заңсыз алып жүруге болмайтын суық қару болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталушы қытайлық Pinduoduo маркетплейсі арқылы кастетке тапсырыс берген. Арзан әрі қауіпті затын алғаннан кейін ол компьютер клубына демалуға барған және кастетті өзімен бірге алып жүрген.
Кейін саябақ аумағында күдік тудырған ер адамды Ақтөбе қаласы полиция басқармасының патрульдік қызметкерлері тоқтатқан. Тексеру барысында ұсталған азаматтың өзімен бірге заңсыз тыйым салынған зат алып жүргені анықталған. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат ресми түрде суық қару деп танылған.
“Сотталушының кінәсі өзінің мойындау көрсетілімдерінен бөлек, полиция қызметкерінің рапортымен, маманның қорытындысымен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдер жиынтығымен толық расталды”, – делінген хабарламада.
Үкім шығару кезінде сот істің барлық мән-жайын ескерген. Сотталушының кінәсін толық мойындауы, шынайы өкінуі және бұрын сотталмағаны жеңілдететін жағдайлар ретінде танылды. Қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі мәлімдегендей, сот үкімімен Д. есімді азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 40 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалған.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген.
Азық-түлік жеткізетін Airba Fresh сервисі жабылды: Жұмыссыз қалған қызметкерлер енді өтемақы ала алмай жүр
Оқыңыз