Азық-түлік жеткізетін Airba Fresh сервисі жабылды: Жұмыссыз қалған қызметкерлер енді өтемақы ала алмай жүр

Airba Fresh азық-түлік жеткізу сервисінің бұрынғы қызметкерлері әлеуметтік желіде компанияның жабылуына байланысты жұмыстан босатылғандарын айтып, өтемақы ала алмағандарын мәлімдеді. Олардың сөзінше, қызметкерлерден "өз еркімен жұмыстан шығу" туралы өтініш жазу талап етілген. Осы ретте Stan.kz мән-жайды толығырақ білу үшін компаниядан түсініктеме сұрады.
Қызметкерлер өтемақысыз қалғанын айтып шағымданды
Әлеуметтік желіде Airba Fresh компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің бірі компанияның жабылуына байланысты өзін және өзге әріптестерін жұмыстан шығарғанын айтып шағымданды. Оның сөзінше, қызметкерлерден жұмыстан өз еркімен шығу туралы өтініш жазу талап етілген, алайда олар әлі күнге дейін өтемақыларын ала алмаған.
"Airba Fresh компаниясында жұмыс істеймін. Биыл мамыр айынан бастап компанияның жағдайы күрт нашарлады. Қызметкерлерді жаппай қысқарта бастады. Ол кезде жұмыстан шығарылған қызметкерлерге өтемақы төленді. Ал 21 мамырда бізге компанияның келесі айда, яғни 26 маусымда толық жабылатынын хабарлады. Сол күні-ақ компанияның өтемақы төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін де айтты. Кейін қызметкерлердің басым бөлігін жұмыстан өз еркімен шығу туралы өтініш жазуға мәжбүрледі. Қазір не істерімізді білмей отырмыз. Жаз мезгілінде жұмыс табудың қаншалықты қиын екенін бәрі біледі, әсіресе Алматыда. Қызметкерлердің көпшілігінің несиесі, қарызы бар, көбі жалдамалы пәтерде тұрады", – деп жазды қызметкер.
Қызметкердің айтуынша, ең өкініштісі, осы айға дейін қысқартылған қызметкерлердің барлығы өтемақысын алды.
"Ал компания жабылғанға дейін жұмысын жалғастырған біздер ешқандай өтемақысыз қалып отырмыз. Қазір бәріміз жұмыс іздеп жүрміз", – дейді қызметкер.
Бұрынғы қызметкерлер де пікір қалдырып, компаниядан дер кезінде жұмыстан шығып үлгергендерін айтқан.
"Уақытында жұмыстан шығып кеткенім жақсы болған екен. Маған да өтемақы төлемеуге тырысты, тәртіптік жаза қолданамыз деп қорқытты. Бірақ кейін мұның бәрі тек қысым көрсету болғаны белгілі болды. Қазір адамдарды жаппай жұмыстан шығарып жатыр. Сынақ мерзіміндегі қызметкерлерді еш ойланбастан босатуда, ал жылдар бойы еңбек еткендерге жалақысы мен жиналған еңбек демалысының ақысынан басқа ешқандай өтемақы берілмейді. Қызметкерлерге мұндай қарым-қатынас жасау қаншалықты дұрыс?" – деп жазған бұрынғы қызметкер.
Пікір қалдырушының айтуынша, ол да осындай жағдайға тап болған. Airba Fresh компаниясында 2,5 жыл жұмыс істеген. Компанияның жабылатыны хабарланғаннан кейін қызметкерлерге өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазу ұсынылған. Оның сөзінше, компания өтемақы төлеуді жоспарламаған. Сондай-ақ ол жылдар бойы адал еңбек еткен қызметкерлерге мұндай қарым-қатынас жасалғанына қынжылатынын айтып, мәселе заң аясында әділ шешіледі деген үмітін білдірген.
Әлеуметтік желідегі пікірлерде кейбір қолданушылар компанияның басқа ұйымдар алдындағы берешегі болуы мүмкін екенін де жазған. Бір қолданушы "Олар адамдарға әлі де қарыз болуы мүмкін" деп пікір қалдырса, тағы бірі "Біз жұмыс істейтін компанияға да қарыз" деген. Сондай-ақ пікір жазғандардың бірі Airba Fresh басшылығының жұмысын сынға алып, компанияға салық жүктемесін азайту туралы нақты ұсыныспен барғанымен, ешқандай кері байланыс болмағанын айтқан.
Енді бірі қаржылық жағдайына алаңдаушылық білдірген. Олардың айтуынша, бұған дейін Airba Fresh тұрақты жұмыс істеп, тапсырыстарды қалыпты қабылдап келген. Алайда көктемнен бастап тауар ассортименті біртіндеп азайып, кейін сөрелердің бос қалғанын байқағандарын жазған. Кейбірі мұны компанияның жабылуына немесе банкротқа ұшырауына байланысты болуы мүмкін деп болжаған.
Сондай-ақ пікірлерде компания қызметкерлерін "өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазуға мәжбүрледі" деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынына күмән келтіргендер де болған. Бұған жауап ретінде өзге қолданушылар көптеген компаниялардың қаржылық қиындықтарға байланысты осындай тәсілге баратынын алға тартқан. Пікірталас барысында бірқатар қолданушылар банкроттық қызметкерлер алдындағы міндеттемелерді жоймайтынын атап өткен. Олардың бірі "Жалақы мен өтемақы банкроттық кезінде де басым талаптардың қатарына жатады" десе, тағы бірі "Неге компанияның қателігі үшін қарапайым қызметкерлер зардап шегуі керек?" деп жазған.
Компания не дейді?
Редакция алдымен Airba Fresh-тен пікір алуға тырысқанымен, компания өкілдерімен байланысу мүмкін болмады. Осыған байланысты Airba Fresh компаниясына Technodom компаниясының негізін қалаушы Эдуард Ким иелік еткен. Сондықтан түсініктеме алу үшін Technodom компаниясына жүгіндік.
Алайда компания өкілдері Airba Fresh жабылғаннан кейін бұл мәселеге қатысты пікір бере алатын жауапты мамандардың жоқ екенін айтты.
"Қазір Airba Fresh жабылғандықтан, сұрақтарыңызға жауап бере алатын мамандар жоқ. Өкінішке қарай, біз бір экожүйеге кіргенімізбен, осы мәселеге қатысты ақпарат білмейміз", – деп жауап берді Technodom өкілдері.
Ал Airba Fresh әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жобаның жұмысын тоқтататынын хабарлап, тұтынушыларға үндеу жариялаған екен.
"2025 жылдан бастап нарық жағдайына байланысты жұмысты бұрынғы форматта жалғастыру күн өткен сайын қиындай түсті. Сондықтан 2026 жылдың шілде айында жеткізу қызметін толық тоқтатамыз", – деп жазды компания.
Компания өз хабарламасында тұтынушыларға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, Airba Fresh олардың жадында жақсы естелік болып қалатынына сенім білдірді.
"Біз өзіміздің Фрешмэндерімізге осы уақыт бойы бізге көрсеткен сенімі, жылылығы мен қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Airba Fresh сіздердің өмірлеріңізге қандай да бір жақсылық әкелді және есіңізде дәл осылай жылы сезіммен сақталады деп сенгіміз келеді", – делінген үндеуде.
Бұған дейін Forbes Kazakhstan басылымына Airba Fresh Алматыдағы жұмысын тоқтататынын ресми растаған еді. Компания сол кезде нақты жабылу мерзімін жарияламағанымен, мұндай шешімге нарықтағы күрделі жағдай мен жобаны дамытуға қажетті инвестиция тартудың қиындауы себеп болғанын мәлімдеген.
Компанияның мәліметінше, ірі цифрлық экожүйеден тыс жеке e-grocery сервисті дамыту қазіргі нарықта айтарлықтай қиынға соғып отыр.
Соған қарамастан Airba Fresh қызметкерлер алдындағы барлық міндеттеме заң талаптарына сәйкес орындалатынын жеткізді.
"Қызметкерлер алдындағы барлық міндеттемелер тіркелген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындалады. Процесс толықтай Еңбек кодексі аясында жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады компания.
Сондай-ақ Airba Fresh операциялық және қаржылық көрсеткіштеріне қатысты қосымша ақпарат бермейтінін, сондай-ақ 2025 жылы іске қосылған франшиза бағытының болашағына әзірге түсініктеме жасамайтынын айтты.
Airba Fresh туралы не белгілі?
Airba Fresh сервисі Алматыда 2022 жылдың қарашасында іске қосылды. Жобаға бастапқы кезеңде 4 миллиард теңге инвестиция салынып, кейін жыл сайын шамамен осындай көлемде қаржы құйылған. Компания 2025 жылдың мамырына қарай сервис ай сайын 150 мыңнан астам пайдаланушыға қызмет көрсетіп, 1 миллионнан астам тапсырыс орындаған.
Жоба Астана нарығына да шыққанымен, 2026 жылдың ақпанында елордадағы жұмысын уақытша тоқтатқан. Ол кезде компания басшысы Даниэль Ким мұны жобаның қаржылық жағдайымен түсіндірген.
Adata.kz дерегіне сәйкес, Airba Fresh компаниясының құрылтайшылары Эдуард Ким мен Ренат Исмаилов. Ал компанияны Даниэль Ким басқарған.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді