Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев көңіл айту үшін Қатарға барып Қатар Әмірімен арнайы кездесті

Тоқаев Қатарда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әміріне және оның әулетіне Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты көңіл айту үшін Дохаға барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент қуатты әрі өркендеген Қатар Мемлекетін құруға шейх Хамадтың өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

“Қазіргі Қатардың көптеген айтулы тарихи жетістігі мен халықаралық аренадағы жоғары беделі оның есімімен тығыз байланысты. Шейх Хамад әлемдік ауқымдағы мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді”, – деді ол.

Мемлекет басшысы қазақ-қатар қарым-қатынасының қалыптасып, табысты дамуына шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің зор еңбек сіңіргенін алға тартты. Айтуынша ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келген. Әмірді бірінші сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі қызметінде қарсы алған. 

Президент оның бастамасымен Астанада Әл-Фараби мешітінің салынғанын және Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асқанын еске алды.

“Осы ауыр сәтте Алладан марқұмның жаны жәннатта болуын тілейміз”,– деді Тоқаев.

Өз кезегінде Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арнайы келіп көңіл айтқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Ол Қазақстан мен Қатар халықтары арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастың маңызын атап өтті.

Кездесу барысында тараптар халықаралық жағдайды, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бұл шақыруды қабыл алды.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 23:24