Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Психикалық ауытқу анықталмады: Мәжбүрлі емге жіберілген бұрынғы діни қызметкер Воронцов тергеу изоляторына қайтарылды

Әкімшілік қамаудан кейін бұрынғы діни қызметкер Воронцов қайта ұсталды
Фото: Facebook Иакова Воронцова

Мәжбүрлі психиатриялық емге жіберілген бұрынғы діни қызметкер Иаков (Владимир Воронцов) қайтадан тергеу изоляторына оралды. Дәрігерлер оның психикалық ауытқуы жоқ екенін анықтап, мәжбүрлі ем жүргізуден бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының (ҚАҚХБ) мәліметінше, Воронцовтың ісін тергеп жатқан тергеуші оны мәжбүрлі психиатриялық тексеру мен емдеуге жіберген. Алайда дәрігерлер мұндай емге негіз жоқ деген қорытынды шығарған.

"Әке Иаков (Владимир Воронцов) тергеушінің қаулысымен мәжбүрлі емдеуге жіберілген психиатриялық ауруханадан қайтадан тергеу изоляторына қайтарылды. Дәрігерлер оның бойынан ешқандай психикалық ауытқу таппады және дені сау адамды емдеуден бас тартты", – деп хабарлады Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюросы.

Еске салайық, Иаков Воронцов биыл ақпан айында ұсталған болатын. Кейін оған есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтады және есірткі қолданылатын орын ұйымдастырды деген баптар бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Мамыр айында сот тергеу тарапының өтініші бойынша Воронцовты мәжбүрлі психиатриялық сараптамаға жіберген. Алайда дәрігерлер оның психикалық денсаулығында ешқандай ауытқу жоқ екенін анықтады.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 19:11