Нұрай Серікбайдың ісі: Отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап етті

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Марқұмның туыстары сот процесінің барынша ашық өтуін талап етіп, отырыстардың тікелей эфирде көрсетілуін сұрамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, марқұмның туыстары сот процесінің барынша ашық өтуін талап етпек.
Сондай-ақ адвокат жәбірленуші тарап сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін сұрайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл бұған дейін қоғамда үлкен резонанс тудырған бірқатар қылмыстық істерде қолданылған тәжірибе.
"Істі жан-жақты, толық әрі объективті қарау үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданады. Сонымен қатар, сот процесінің тікелей эфирде өтуін талап етеміз. Сот талқылауының барысы туралы заң талаптарын сақтай отырып, қосымша ақпарат беретін боламыз", – деп жазды Аянхан Омаров Threads-тегі парақшасында.
ОқыңызЕске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. Вице-министрдің айтуынша, іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.
Азық-түлік жеткізетін Airba Fresh сервисі жабылды: Жұмыссыз қалған қызметкерлер енді өтемақы ала алмай жүр