Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Иранға теңіз блокадасын енгізетінін мәлімдеп, кемелердің өтуі үшін өтемақы талап етті

Трамп Иран
Фото: AP

Дональд Трамп Ормуз бұғазында Иранға бағытталған жаңа шектеулер енгізілетінін мәлімдеді. Ол "блокада" режимін қалпына келтіретінін мәлімдеп, бұғаз арқылы өтетін кемелерге жаңа талаптар енгізілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

АҚШ көшбасшысы бұл мәлімдемені өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Шектеулер тек Иран кемелеріне және онымен байланысты компанияларға тиесілі кемелерге қатысты болады. Сондай-ақ бұғаз арқылы өтетін кемелер тасымалдайтын барлық жүкке 20 пайыз көлемінде тариф енгізілетіні айтылды.

"Ормуз бұғазы ашық күйінде қалады – Иран болса да, болмаса да. Біз “ирандық блокада” деп аталатын шектеулерді қайта енгіземіз. Бұл шара тек Иран кемелеріне немесе Иранмен байланысы бар компаниялардың кемелеріне ғана қатысты болады. Ал өзге елдер бұғазды еркін әрі кедергісіз пайдалана алады", – деп жазды Трамп.

Сондай-ақ АҚШ президенті бұдан былай Вашингтон Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, енгізілетін тарифтер теңіз қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды өтеуге бағытталған.

Бұған қоса, Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ бұғазды бақылауына алатынын айтты. Ал бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштері АҚШ аймақтағы әрекетін тоқтатпайынша, бұғазды жабу туралы мәлімдеген еді.

АҚШ Әскери-теңіз күштері жанындағы Біріккен теңіз ақпараттық орталығы Иран тарапының мәлімдемелеріне қарамастан, Ормуз бұғазы әзірге ашық екенін хабарлады.

Бұғаз төңірегіндегі ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Тараптардың мәлімдемелері бір-біріне қайшы келіп, қақтығысқа қатысушылар бірін-бірі бұрынғы келісімдерді бұзды деп айыптауда.

Бұған дейін Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы бітімі күшін жойғанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар ол келіссөздердің жалғасу мүмкіндігін жоққа шығармады, деп жазады BBC. Ал Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи өз кезегінде АҚШ-ты өзара түсіністік туралы меморандум талаптарын бұзды деп айыптады.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 22:38