Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баламды ұрды": Боксшы Бейбіт Шүменов елордадағы сауда үйінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді

Белгілі қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов елордадағы сауда орталығында болған жағдай туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол өзінің Instagram парақшасында жазба жариялады.

"Жағымсыз жағдай орын алды және басқа ракурстан көрсетілген бейнежазба мені дұрыс емес етіп көрсетті. Бұл жағдайды соңына дейін түсінбей, оқырмандар маған түрлі жағымсыз пікірлер жаза бастады. Ақпараттық дәуірде кез келген адамды жаман жағынан көрсетуге болатынын жақсы білесіздер", – деп жазды Шүменов.

Оның айтуынша, бұл жағдайға балалар арасында кикілжің себеп болған.

"Сегіз жасар ұлым бұл күні ойын алаңында жүрген, ал оны басқа бала себепсіз арқасынан ұра бастады. Ұлым одан аллшақтап, әрі қарай ойынын жалғастырды. Бірақ бірнеше минуттан кейін әлгі бала қайтып келіп, ұлыма тағы шабуыл жасамақ болды. Балам  одан қаша бастады. Содан кейін ер адам баласын алып кетті. Ұлым мұндайға үйренбеген және бұл оған үлкен стресс болды”, – деді спортшы.

Айтуынша, баласының арқасы қызарып, сызаттар байқалған. Боксшы осыдан кейін баланың әкесіне барғанын айтты.

“Ұлымды ұрған бала сенікі ме дегенімде, агрессивті түрде "иә, ұрды, содан не бопты? Не істейсің маған?!" деді”, – деп жазды боксшы.

Оның айтуынша, ер адам аса зардап шеккен жоқ.

"Сот сараптамасы оның дене жарақаттарының салдарынан денсаулығына жеңіл де, орташа да зиян тимегенін растады және анықтады. Ер адамның қолында болған баладан кешірім сұрағым келеді және бала осы жағымсыз көріністің куәсі болғанына өкінемін. Қазіргі уақытта жанжал толығымен аяқталды. Мені жамандағысы келетін барлық адамдарға айтарым – мен қара болсын, ақ болсын, пиарға қызықпаймын және лас интригаларға қатысқым келмейді", – деді Шүменов.

Боксшы ер адам баланы қалқан ретінде қолданды деп санайды.

"Мен оны мойнынан алған кезде ол сол қолындағы құралмен шабуыл жасай бастады. Сосын ол пышақ емес екенін түсінгеннен соң,  баланы жіберді де, пышақты алып, ішіме тықпақ болды. Қашып үлгердім. Сосын пышақты лақтырып жіберіп, баланы қайтадан қолына алып, оны қалқан ретінде қолдана берді. Маған пышақпен шабуыл жасаған сәтте мен ашуландым. Мен әке ретінде ұлымды ғана емес, өзімді де қорғауым керек еді", – деп мәлімдеді ол. 
Спортшы ер адам баласын жіберсін деп әдейі оны диванға қарай итергенін айтады.

“Мен кәсіпқой боксшымын, қалай соққы жасауды білемін, баланы ұрған жоқпын, содан кейін полиция келіп, бәріміз Есіл ауданының аудандық бөлімшесіне бардық. Балалар ешнәрсе болмағандай аудандық бөлімде ойнап кетті. Ал сол баланың анасы менен, жұбайымнан және баламнан кешірім сұрады және оның баласы аутизммен ауыратындықтан, адамдарды себепсіз ұрып-соғып, тепкілеуі мүмкін екенін айтты. Баланың анасы бұл туралы айтқан сәтте қатты өкіндім", – деді басы дауға қалған спортшы.

Спортшы екі тараптың татуласып, сөйлесіп алғандарын айтты.

Естеріңізге салсақ, Астанадағы ірі сауда және ойын-сауық орталығының тамақтанатын орнында төбелес болғаны хабарланды. Ішкі істер министрлігі бұл боксшы Шүменов екенін растап, тергеу басталғанын айтты. 

Талқылау