Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалардың болашағына балта шабылады": Бағлан Әбдірайымов тегін үйірмелердің жабылуына қатысты пікір білдірді

Елімізде балаларға арналған тегін үйірмелер жабылудың алдында тұр. Мәселен, бірер күн бұрын Нұр-Сұлтанда бір топ ата-аналар "Арт Спорт" орталығының жабылуына қатысты наразылық білдірсе, соңғы қоңырау соғылатын күні қызылордалық ата-аналар бас көтерді. Олар былтырдан бері мемлекет қаржыландырып келген үйірмелердің ғұмыры ұзаққа созылмағанына наразы. Аталған жайтқа қатысты әнші Бағлан Әбдірайымов те пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Әбдірайымовтің айтуынша, тегін үйірмелер әсіресе көпбалалы отбасылар үшін үлкен көмек еді. Әр баланың өнер мен спорттан кенде қалмауына мемлекет жарты жылдай септігін тигізді. Ал енді қаржыландыру тоқтатылса, балалардың болашағына кесірін тигізеді дегенді алға тартты өнер иесі. 

"Мен өзім сол жерде жүргеннен кейін білемін. Кемі бір отбасында 4 бала бар. Одан көп, біз жақта 7-8 баласы бар отбасылар да бар. Сол кісілерге бұл керемет мүмкіндік болды. Жарты жылдай оқыды да, енді қаражат беруді тоқтатқаннан кейін ата-аналар қиналып қалды. 

Ата-аналардан бұрын, тарыдай болып кіріп, спорттан да, өнерден де көз алдымызда өскен балалардың болашағына балта шабу деп айтсақ болады", - дейді Әбдірайымов. 



Әншінің сөзінше, балалардың дамуына бөлінген ақша олардың болашағына қаланған кірпішпен бірдей. Ал енді ол тоқтайтын болса, балалардың болашақ пен мемлекеттен үміті үзіледі, деп пікір білдірді ол. 

"Мұхтар Әуезовтің "Ел болам десең, бесігіңді түзе" деп айтатыны бар еді ғой. Балалардың бәрін тегін оқытып келіп, енді тоқтататын болса, балаларға аяп қалған қаражат ертең отансүйгіштіктен, патриоттық сезімнен ада қылады. 

Неге десеңіз, қазір оқып жүрген балалар дастархан басында да ата-аналарына айтып жүр деп ойлаймын. "Міне, бізді үкімет оқытып жатыр" деп ата-ана да, бала да мәз. Олардың қазірден бастап Отанға деген махаббаттары оянып келе жатыр. Ал енді шорт кесіп, оқудың бәрін тоқтататын болса, олар да кәдімгідей "бізді мемлекет алдап жатыр, біз де алдасақ болады екен" деп кішкентай балалардың психологиясын да солай бұзып жіберуіміз мүмкін", - дейді әнші. 
 

Талқылау