Құрылтайдағы алғашқы депутаттық сауал балаларды әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу туралы болды

Құрылтайдың алғашқы депутаттық сауалын депутат Жанарбек Әшімжанов жолдады. Ол премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеудің нақты тетігін әзірлеуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат келтірген дерекке сәйкес, 2023 жылы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізілген зерттеуде Қазақстандағы 9–10 жастағы балалардың 60%-ының, ал 11–12 жастағылардың 66%-ының әлеуметтік желіде аккаунты бары анықталған. Балалардың 88%-ында жеке смартфон бар.
Әшімжанов балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігіне қатысты тағы бір көрсеткішке назар аударды. Оның сөзінше, 10–18 жастағы балалар арасында әлеуметтік желі арқылы буллингке ұшырағандардың үлесі 2024 жылғы 15%-дан 2025 жылы 33,5%-ға дейін өскен.
"Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында. Әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік баланың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасымен қарым-қатынасына және сабаққа дайындалуына бөлінетін уақытты қысқартады. Соның салдарынан зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдылары әлсірейді", – деді депутат.
Ол тек заңмен тыйым салу жеткіліксіз екенін атап өтті. Депутаттың пікірінше, баланың жасын анықтау, оның жеке деректерін қорғау, жалған аккаунттар арқылы шектеуді айналып өтуге тосқауыл қою және білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділікті сақтау мәселелері қатар шешілуі керек.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу тетігін нақтылауды, олардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады. Сондай-ақ мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауатты жүйелі оқыту және әлеуметтік желінің балалардың психологиялық жағдайына, ұйқысы мен оқу үлгеріміне әсерін бақылайтын ұлттық мониторинг жүйесін енгізу ұсынылды.
Түркістан облысында әскерге кеткен сарбаз мүгедек болып оралды