Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалар өліп жатыр, ал сіздер 500 мың теңге жалақы беріп жатсыздар": Продюсер "Қазақстан халқына" қорының директорына шүйлікті

Танымал қазақстандық продюсер Жан Мұқанов "Қазақстан халқына" қорының басшысы Болат Жәмішевке наразылығын білдірді. Ол елге белгілі жұлдыздар науқас балалардың еміне ақша жинап әлек болып жатқанда, қор басшысы елге, оның ішінде балаларға жедел қызмет көрсетудің орнына, қызметкерлеріне 500 мың теңге көлемінде жалақы тағайындағанын ашына жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Осымен екі аптадан бері медиа тұлғалар СМА-ға (авт. арқа бұлшықет атрофиясы) шалдыққан балаларға миллиард тұратын екпе алу үшін ақша жинауда. 

Бәрін айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бастады. Ол желіде барлық танымал жандарды кішкентай қызға көмектесуге шақырып, үш күнде 300 млн теңге жинап, 1 млрд теңгені толықтырды.

Дана Есеева Эмилия есімді балапанға көмектесу үшін тәулік бойы желіде отыр. Қыз 2 жас 10 айлық. Ал екпені 13 келі салмаққа дейін салуға болады, одан кейін пайдасы болмайды. Ата-анасы 1 млрд теңгені жинай алмай жатқандықтан, қызды диетада ұстап отыр", - деп ашынды продюсер.

Мұқановтың айтуынша, қызға көптеген танымалдар көмектесуге тырысуда. Олар қарапайым халықтан 100-200 теңгеден жинап беруде. 
"Ақшаны халық жинап жатыр. 100, 200 теңгеден... Бұл оңай емес, бірақ жанашыр халық тырысуда", - дейді Мұқанов. 


"587 мың теңге тым көп болып көрінуі мүмкін": Болат Жәмішов "Қазақстан халқына" қорындағылардың жалақысы туралы айтты


Осы ретте продюсер Жәмішевке сауал жолдады. 

"Қашанға дейін әрекет етпей, қарап отыра бермексіздер? Сіздер миллиардаған ақшаны жинап отырсыздар. Мұнда балаға көмек керек. Өйткені миллиард теңге тұратын екпе оның өмірін құтқарады. Сіздер неге үнсізсіздер?

Жәмішев мырзаға адам ретінде айтар назым жоқ. Бірақ қордың директоры ретінде шағымым бар. 

Қоғамдағы, желідегі толқуларға тез арада жауап берудің орнына бірінші кезекте қор командасына 500 мың теңге жалақы тағайындадыңыздар. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жыл балаларға арналады! Балаларға!

Жәмішев мырза, қорда не болып жатыр? Сіздер қайдасыздар? Халықтың алдына шығып, әрекеттеріңіз туралы айтып беріңіздер. Балалар өліп жатыр", - деді Мұқанов. 

Көпшілік продюсердің бастамасын қолдады. 

   

Талқылау