Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бала салмағының 10%-ынан аспауы қажет: Ата-аналарға балалардың мектеп сөмкелеріне қатысты ескерту жасалды

Оқушылар
Фото: istockphoto.com

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа оқу жылының алдында ата-аналарға мектеп сөмкесін дұрыс таңдау бойынша кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік мәліметінше, негізгі талап – толық жиналған сөмкенің салмағы баланың дене салмағының 10%-ынан аспауы тиіс. Мәселен, оқушының салмағы 30 келі болса, толық жиналған сөмкенің салмағы 3 келіден аспағаны жөн.

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен белгіленген талаптарға сәйкес, оқу құралдарының ұсынылатын салмағы (сөмкенің өзінің салмағын қоспағанда) оқушының жасына байланысты:

  • 1–3 сынып оқушылары үшін – 2 келіге дейін;
  • 4–5 сынып оқушылары үшін – 2,5 келіге дейін;
  • 6–7 сынып оқушылары үшін – 3,5 келіге дейін;
  • 8–11 сынып оқушылары үшін – 4,5 келіге дейін.

Мамандар бос сөмкенің салмағы 1 келіден аспағаны жөн екенін атап өтті. Сөмке неғұрлым жеңіл болса, балаға түсетін қосымша жүктеме де соғұрлым аз болады. Сонымен қатар сөмке бала үшін тым үлкен болмауы және белден айтарлықтай төмен түсіп тұрмауы тиіс.

“Мамандар мектеп рюкзагын баламен бірге таңдауға кеңес береді. Сатып алмас бұрын рюкзакты баланың арқасына салып көріп, оның оқушының бойына сәйкес келетініне және арқасына ыңғайлы орналасатынына көз жеткізген жөн”, – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, сөмке таңдау кезінде мынадай сипаттамаларға назар аудару қажет:

  • жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік беретін кең әрі жұмсақ иықбаулар;
  • арқаның дұрыс орналасуын қамтамасыз ететін тығыз арқа бөлігі;
  • иықбаулардың ұзындығын реттеу мүмкіндігі;
  • жарық шағылыстыратын элементтердің болуы. Олар қараңғы уақытта жүргізушілер үшін баланың анық көрінуіне мүмкіндік береді;
  • берік әрі су өткізбейтін материал.

Сондай-ақ ата-аналарға рюзактың ішін мезгіл-мезгіл тексеріп отыру ұсынылады. Сабақта қажет болмайтын ойыншықтарды, артық дәптерлерді, кітаптарды және басқа да заттарды үйде қалдырған дұрыс.

Сонымен қатар баланы рюзакты екі иығына қатар асып жүруге үйрету маңызды. Бұл жүктеменің біркелкі бөлінуіне мүмкіндік береді дейді мамандар. 

Еске салсақ, бұған дейін министрлік жаңа оқу жылындағы мектеп формасы талаптарына қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 21:16