Азия ойындары-2025: Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы финалға шықты
Қытайда өтіп жатқан 2025 жылғы Азия ойындарында шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы финалға жолдама алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: olympic.kz
Жартылай финалда отандастарымыз алаң иелерімен жолықты. ¼ финалда Қытай Тайваньды 7:2 есебімен жеңген еді. Ал Қазақстан бұл сында Гонконгты 24:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын.
Қос мықтының кездесуінде алғашқы кезеңде таблода есеп ашылмады. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдалану мүмкіндігін жақсы білетін қарсыластар қорғаныста сақ ойнады.
Алайда екінші кезеңді Қазақстан құрамасы белсенді бастады. Әділ Бекетаев пен Евгений Рымаревтан пас алған Роман Старченко алғашқы шайбаны соқты. Одан соң Дмитрий Гренц қарсыласты қапыда қалдырып кетті. Осылайша, екінші кезеңнен кейін қазақстандықтар 2:0 есебімен алға шықты.
Шешуші кезеңде Аспанасты елі есепті теңестіру үшін барын салды. Цзин Ванның көмегімен Қытай құрамасы бір шайба соқты. Алайда көп өтпей, отандастарымыз сапынан Дмитрий Бреус үшінші шайбаны салды. Қорытынды есеп 3:1. Қазақстан құрамасы финалда!
Жартылай финалдың екінші жұбында Жапония Оңтүстік Кореяны буллиттер сериясында жеңді. Негізгі уақытта 3:3 есебімен аяқталған матчта қосымша кезеңде де шын мықтыны анықтай алмады. Нәтижесінде буллиттер сериясында Жапония жеңіске жетіп, финалға шықты.
Финалдық ойын 14 ақпанда өтеді. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы шайбалы хоккейден Азия ойындарының 4 дүркін чемпиондары. Соңғы рет отандастарымыз 2017 жылы жеңімпаз атанған еді.