10 миллион доллар мен биліктен бір орын: Танымал режиссер Айсұлтан Сейітов Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болған кезінде ақша ұсынғанын айтты
Танымал режиссер Айсұлтан Сейітов бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қызметте жүргенде Ақордаға шақырып, ақша ұсынғанын айтты.
Айсұлтан Сейітов бұл туралы режиссер Кана Бейсекеевтің Youtube желісіндегі подкастында мәлімдеді.
Режиссердің айтуынша, бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оған жобаларды жүзеге асыру үшін 10 млн доллар, ал досына Үкіметтен орын тауып беретінін айтқан.
“2019 жылы мені Ақордаға шақырды. Менде бірнеше кездесу болды. Оның ішінде сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да бар. Ол кездесу барысында менің 10 миллион долларға дейінгі кез келген жобамды қолдауға әзір екенін айтты. Ал досыма Үкіметтен бір орын тауып бермек болды”, — дейді жас режиссер.
Айсұлтан Сейітовтің айтуынша, ол мұндай әңгіменің соншалықты тура әрі ашық айтқанына таңғалған. Алайда досы екеуі бұл ұсыныстарды қабылдамай кетіп қалған.
Біз бұл мәселеге қатысты Арыстанбек Мұхамедиұлының BaigeNews.kz порталына пікір білдірді. Ол режиссерге ондай сөздер айтпағанын жеткізді.
"Онымен кездескенім рас. Қазақстанның кино саласын дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырдым. Бірақ ақша туралы ешқандай сөз болған жоқ. Мұны сөз қылудың өзі артық. Қаражат бөлу мәселесімен "Киноны қолдау орталығы" айналысады. Ал досына Үкіметтен қалай жұмыс тауып беремін? Онымен премьер-министр айналысады ғой, ол жақтың өз талаптары бар. Әрине, жалындап тұрған талапты жастарды әрдайым қолдаймын. Ары кетсе министрлікке шақыруым мүмкін. Бірақ Үкіметке емес", — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Айсұлтан Сейітов – 25 жастағы қазақстандық танымал режиссер, клипмейкер. Ол АҚШ-тағы ең атақты 21 Savage, Offset, Трэвис Скотт және Канье Уэст сияқты жұлдыздарға клип түсіріп берген.