Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелдер 63 жасқа дейін жұмыс істемеуі керек": Сайлауға санаулы күндер қалғанда дебатқа түскен партиялар не айтты

16 наурызда Мәжіліс депутаттығына түсіп жатқан жеті партияның арасында дебат өтті. Саяси партиялардың мүшелері қатысқан сөзталас мемлекеттің телеарналардың бірінде тікелей эфирде көрсетілді. Дебат барысында қатысушылар өз партияларының бағдарламалары жайлы айтып, біріне бірі сұрақ қойып сондай-ақ көрермендерден түскен сауалдарға жауап берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Дебат 16 наурыз

Дебатқа өз партияларының атынан мына азаматтар қатысты:

"АМАНАТ" партиясының атынан – Ерлан Қошанов,

"Ақ жол" Демократиялық партиясының атынан – Азат Перуашев,

Қазақстан халық партиясының атынан – Оксана Әубәкірова,

"Ауыл" партиясының атынан – Жигули Дайрабаев,

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының атынан – Нұрлан Әуесбаев,

Respulica партиясының атынан – Айдарбек Қожаназаров,

"Байтақ" партиясының атынан – Азаматхан Әміртаев.

Дебат басында пікірсайысшылар өз партияларын жарнамалап, қарсыластары мен сайлаушылардың сұрақтарына жауап берді. Алғаш боп сөйлеген Азаматхан Әміртаев партияның жақында тіркелгенімен, қозғалыс ретінде 10 жылдық тәжірибесі бар екенін атап өтті. 

Respulica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров партия құрамындағы азаматтардың қарапайым еңбек жолынан бастап, қазір адамдарды жұмыспен қамтып отырған үлкен кәсіпкерге айналғанын алға тартып, өздерін нақты істің адамдары деп таныстырды.

Оксана Әубәкірова алғашқы сөзінде әйелдер мәселесін көтерді. "Митингке шығып жүрген –  ана, бала бағып отырудың орнына жұмыс істеп жүрген – ана, өз уақытында зейнетке шыға алмай баласына масыл болып отырған –  ана",  – деген ол әйелдердің 63 жасқа дейін жұмыс істеуіне қарсы шықты.

Жигули Дайрабаев "Ауыл" партиясының соңғы жылдары екі рет президент сайлауына қатысқанына тоқталып, өздерінің мемлекеттік бюджеттен "көк тиын" алмайтынын айтты. 

Азат Перуашев "басқалар өз қиялымен уәдені үйіп-төксе, біз нақты не істегенімізді және мұны ары қарай қалай жалғастыратынымызды айтамыз" деді. Оның сөзінше, партия бюджет атқарылуы туралы есептер, министрлерді тағайындау секілді маңызды мәселелер талқыланғанда өзгеше пікірін айтып, үкіметті ұдайы қолдамайды.

Нұрлан Әуесбаев өз сөзінде президенттік-парламенттік басқару жүйесін енгізуді, сенатты тарқатуды, жемқорлықпен жүйелі күресуді және елден ұрланған ақшаларды қайтаруды талап ететінін жеткізді.



Партияның жоспарын нақты іс-қимылдан тұратынын айтқан Ерлан Қошанов бұрын өздерін сынайтындардың бүгін партияға сенімі қайта оянғанына тоқталды. 

Кандидаттардың бір біріне сұрақ қою кезеңінде ЖСДП мүшесі "AMANAT" партиясының төрағасынан еліміздің қарулы күштерінің жағдайы туралы сұрады. 

"Сіздің партияңыз 20 жылдан бері билікте жүр. Әрине ешкім соғыс болғанын қаламайды, бірақ сақтансаң сақтайды. Сондықтан біздің қазіргі қауіпсіздік мәселеміз, қарулы күштеріміздің жағдайы туралы сіздің партияңыз не айта алады?" –  деді Нұрлан Әуесбаев.

Қошанов өз жауабында бүгінгі күні шекаралық аудандарда мәселе бар екенін мойындаған.

"Халық ол жерден көшіп жатқаны рас. Сондықтан біз бағдарламамызда осы мәселеге ерекше назар аудардық. Екіншіден, қорғаныс әлеуетін күшейту керек. Ол үшін қаржы қажет екені даусыз, сондықтан бұған бөлінетін қаржыны арттыруды жоспарлап отырмыз. Үшіншіден, біздің әскерилеріміздің әлеуметтік мәселесін шешуді әрі жалақысын көбейтуіміз керек", – деп жауап берген ол.

"AMANAT" партиясының төрағасы сонымен қоса әскерде қызмет етіп жүріп опат болған азаматтар жайлы айтып өткен. "Бейбіт күнде мұндай оқиғалардың орын алу өкінішті. Сондықтан бұл мәселеге қоғамдық бақылау орнатуды заңға кіргізу ойымызда бар", – деп қосқан Қошанов.

Оксана Әубәкірова Respulica партиясының төрағасынан "нақты істің адамымыз дегенді қалай түсінуге болады, осы сөз арқылы өздеріңізді өзгелерден жоғары қойып тұрған жоқсыздар ма" деп сұраған. Сондай-ақ ол Қожаназаровтан сайлаушылардың дауысы үшін қалай күресетіндерін сұрайды.

Қожаназаров жауабында партияның бірінші мұғалімдердің мүддесін қорғайтынын айтады. Ауыл мектептері мен қаланың мектебін салыстырған ол айырмашылықтың жер мен көктей екенін жасырмайды.

"Ауыл мен аудандардағы мұғалімдердің тұрмыстық жағдайын жақсартамыз. Одан басқа оларға бөлінетін қаражатты ұлғайту. Қазіргі бюджеттен бөлінген қаражаттан әділетсіздікті көріп отырмыз. Біз бизнестің өкілі болғандықтан мына үш затты ұштастырғымыз келеді – ғылым, білім және бизнес. Осы үш затты ұштастырсақ болашақта білім жас буындарды тәрбиелеп шығарамыз", - дейді Қожаназаров. Бірақ Respulica партиясының төрағасы сайлаушылардың дауысы үшін қалай күресетіндерін айтпады.

Дебат соңына қарай қатысушылар көрермендерден түскен сауалдарға жауап беріп, сайлаушыларды өз партияларына дауыс беруге шақырды.

Еске салайық, 19 наурызда елімізде парламент мәжілісі мен мәслихаттығына депутаттарды кезектен тыс сайлау  өтеді. 

Талқылау