Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сөзіңізде шындық жоқ": Алматыда дебатқа түскен Базарбек пен Тайжанның арасында дау туды

Алматыда мәжіліс сайлауына түсіп жатқан кандидаттар арасында дебат өтті. Сөзталасқа түскен кандидаттардың барлығы №5 сайлау округі арқылы бағын сынап жатқанын айта кетейік. Қатысушылар өздерінің сайлау алды бағдарламаларын оқып, бір-біріне сұрақ қойып, ашық дебат өткізді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Базарбек - Тайжан

Пікірталасқа кәсіпкер Олжас Сүлейменов, заңгер Бақытжан Базарбек, кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Асқар Хикметов қатысты. Онлайн форматта өткен дебатты Рахым Ошақбаев жүргізді.

Кездесудің басында қатысушылар өздерінің сайлау алды бағдарламаларын таныстырды. Үшінші болып сөйлеген Мұхтар Тайжан "Amanat" партиясына тиісті. Ол пікірсайысқа қатысып жатқан үшеуінің де осы партияның мүшесі екенін айтып, Бақытжан Базарбекті шын дебатқа шақырды.

"Негізі бұл Базарбек екеуміздің арамыздағы дебат болуы тиіс еді. Бірақ кейін арамызға мына екі азамат қосылды. Яғни бұл шынайы дебат емес", – деді ол.

Тайжан "Amanat" партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың бұрын Кәрім Мәсімов үкіметті басқарған тұста премьер-министр канцеляриясында жұмыс істегенін тілге тиек етіп, мұндай партияның жаңа өзгеріс жасайтынына күмәнмен қарайтынын айтты. Ол сондай-ақ депутат болса, Қаңтар оқиғасының шындығын ашатынына сендірді. 

"Бейбіт халыққа оқ ату үшін кім бұйрық берді, мен соны ашамын", – деді Тайжан.



Екінші кезеңде өзіне қойылған сауалға жауап берген Бақытжан Базарбек қарсыласы Тайжанды популист деп айыптады. 

"Біз Тайжан мырза секілді бос сөзбен емес нақты іспен көрсетеміз", - деді заңгер.

Өз кезегінде Тайжан 2016 жылы жер митингілері кезінде Базарбектен неге халықпен бірге митингіге шықпағанын сұрады. Алайда заңгер "сіз халық деп өтірік айқайлап, аяғына келгенде өз пайдаңызды көксейсіз" деп Тайжанның өзіне айып тақты.

"Сізге қарағанда, сіз енді популистсіз ғой, сізде тек бос сөз, нақты іс жоқ. Сіз "халық, халық" деп артында бизнесіңізді тауып отырсыз. Сіздің сөзіңізде шындық жоқ, мәселе сонда", – деді Бақытжан Базарбек.

Пікірталас барысында Мұхтар Тайжанның 2016 жылы кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдан ақша алғаны жайлы сөз қозғалды. Заңгер Бақытжан Базарбек екі азаматтың арасындағы келісімнің қағаз жүзінде болмағанын айтса, Тайжан келісімнің ауызша жасалғанын алға тартады. Айта кетейік, бұған дейін Тайжанның Жер комиссиясының құрамындағы жұмыс барысында талқыланған заң жобасының нормаларын өзгерту үшін Сейсембайдан ақша алғаны жайлы әңгіме қайта қозғалған еді.

Тайжан өзінің ақша алғанын мойындап, мұны "қызметінің ақысы" деп атады. Ал Базарбек кандидатты "халықты алдап, жеке басының пайдасын ойлады" деп айыптайды.

Еске салайық, 19 наурызда елімізде парламент мәжілісі мен мәслихаттығының кезектен тыс сайлауы өтеді.

Талқылау