Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Ресей мен Украина арасында энергетикалық бітім жасалғанын мәлімдеді

президент

Фото: theepochtimes.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина энергетикалық инфрақұрылымға шабуыл жасауды дереу тоқтатуға келіскенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Трамп мұны Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. 

“Ресей мен Украина арасындағы соғыста энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау туралы бітім дереу күшіне енеді. Екі тарап та келісті. Бітімді бұзбаңыздар!”, – деп жазды Дональд Трамп.

Трамптың айтуынша, келісім мұнай өңдеу зауыттары мен электр станцияларына бірнеше апта бойы жасалған шабуылдардан кейін шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған. Оның сөзінше, мұндай соққылар дизель отынын жеткізуге кедергі келтіріп, АҚШ-та жанармай бағасының өсуіне әсер етіп отыр.

Бұл мәлімдеме Ресейдің АҚШ пен әлемдік нарыққа дизель отынын жеткізуі туралы келісім жасалған кезде жарияланды. Келісімге сәйкес, Ресей жақын арада 300 мың тоннадан астам отын жеткізуі тиіс. Қараша айында қосымша жеткізілімдер болады. Экспортты жеңілдету үшін АҚШ санкциялық шектеулерді уақытша жұмсартқан.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл бастаманы қолдайтынын айтып, Ресейдің де бітім шарттарын қабылдауы маңызды екенін айтты. 

“АҚШ тарапынан қосымша мәлімет күтеміз”, – деп жазды Зеленский X әлеуметтік желісінде.

Ресей билігі әзірге Трамптың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққылар үшін сынға алғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 12 Қазан, 2026 08:54