Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені халық емес, депутаттар сайлады": Алматы облысында масқара болған әкім жазаға тартылды

Алматы облысында "Мені депутаттар сайлады" деген сөзінің кесірінен масқара болған ауыл әкімі жазаланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 14 ақпанда емес, 16 ақпанда Ащыбұлақ ауылдық округіндегі "Алмагүл" саяжайларында болған. Сол күні кәріз желісінің жарылғаны туралы мәселе бойынша телеарналардың журналистері оқиға орнына келген.

"Округ әкімі Жасұлан Оңалбаев өзін халық емес, депутаттар сайлады деп қате мәлімдеме жасады. Бұл факт қоғам тарапынан сынға ұшырады. Біздің бөлімнің ұсынысы негізінде Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оған сөгіс жарияланды", – деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті.

Бұған дейін облыс әкімдігі Оңалбаевты бұл қызметке шынымен де жергілікті аудандық мәслихат депутаттары сайлағанын хабарлаған болатын. Бұл заңның басқа нормалары күшінде болған 2020 жылдың соңында болды.

"Жасұлан Оңалбаев 2020 жылдың 29 желтоқсанында аудандық мәслихат депутаттарының жанама сайлау құқығы негізінде Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі болып төрт жыл мерзімге сайланды. 2021 жылдың шілде айынан бастап әкімдерді сайлау тәртібі өзгертілді, оған сәйкес аудан әкімдері жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде осы ауылдық округтің азаматтары жасырын дауыс беру арқылы сайланады", –  деп атап өтті әкімдік.

Талқылау