Филип Моррис: Біз қазақстандық өндірісті экспорттық хабқа айналдыруды жоспарлап отырмыз
Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Филип Моррис Интернэшнл" (ФМИ) компаниясы елдегі өндірісін кеңейтіп, Қазақстанды Орталық Азияға өнім экспорттайтын хаб ретінде дамытып келеді. Компания осы уақытқа дейін елге жарты миллиард доллардан астам инвестиция салған. Тек 2025 жылдың өзінде жаңа түтінсіз темекі өндіруге тағы 65 миллион доллар бағытталған. Бұл туралы Ташкентте өткен Technovation халықаралық конференциясы алаңында "Филип Моррис Интернэшнлдың" Қазақстан және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Омар Абделлатиф айтып берді.
"Біз Қазақстанды ұзақмерзімді серіктес ретінде қарастырамыз
Омар Абделлатифтің айтуынша, Қазақстан ФМИ үшін – Орталық Азиядағы ұзақмерзімді стратегияның маңызды бөлігі.
"Филип Моррис – Қазақстандағы алғашқы шетелдік инвесторлардың бірі. Біздің инвесторлық лицензиямыздың нөмірі – 001. Біз елге 1993 жылы келдік және содан бері өндіріс пен бизнесті дамытуға 520 миллион доллардан астам инвестиция салдық. Бұдан әрі де инвестиция көлемін арттыруға ниеттіміз", – деді ол.
ФМИ өкілі Қазақстандағы міндеттемелерін ұзақ мерзімде қарастыратынын атап өтті. Компания экономиканың дамуына, елдің әртүрлі аймағында әлеуметтік жобаларды көбейтуге өз үлесін қоса бермек.
"Біз Қазақстанға қысқа мерзімге келген жоқпыз. Біз бұл елде ұзақ мерзім жұмыс істеуге келдік. Қазақстан қалай өсіп жатса, біз де сол қарқынмен қалай дами аламыз деген сұраққа мән береміз. Сондықтан мұны бір реттік қатысу емес, серіктестік деп қабылдаймыз", – деді Омар Абделлатиф.
Төленген салық мөлшері – 1,6 триллион теңге
ФМИ-дің Қазақстан экономикасына қосқан үлесі тек инвестициямен есептелмейді. Компания өкілінің айтуынша, 1993 жылдан бастап Қазақстан бюджетіне 1,6 триллион теңге салық төлеген. Тек 2025 жылы төленген салық 180 миллиард теңгеге жетті.
"Біз – Қазақстандағы ірі салық төлеушілердің біріміз. 1993 жылы келгеннен бері елге 1,6 трлн теңге салық төледік. Тек өткен жылдың өзінде бұл көрсеткіш 180 млрд теңге болды", – деді ол.
Компания өкілі бұл үлес тек салық төлеумен шектелмейтінін айтып, компанияның адами капиталды дамытуға және жергілікті мамандардың кәсіби өсуіне де инвестиция салып келетініне назар аударды.
Омар Абделлатифтің сөзінше, компанияның қазақстандық қызметкерлері халықаралық тәжірибе жинап, ФМИ-дің өзге елдегі бөлімдерінде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Солардың ішінде Швейцария, Германия мен басқа да Еуропа елдерінде қызмет атқарғандар бар.
Қазақстаннан Орталық Азияға экспорт
Компанияның Қазақстандағы инвестициясының негізгі бағыттарының бірі – түтінсіз шылым өнімдерін шығару. Омар Абделлатифтің айтуынша, 2025 жылы осы бағытқа 65 миллион доллар инвестиция салынған.
Бұл қаражат өндірісті жаңғыртуға ғана емес, жаңа мамандарды тартуға да бағытталды. Компания жаңа инфрақұрылымды басқару үшін Қазақстаннан қосымша 100 қызметкер алуды жоспарлаған. Алайда өндірістің жаңа бағыты ішкі нарықпен шектелмейді. Компания Алматыдағы зауытты Орталық Азия елдеріне өнім экспорттайтын өндірістік хаб ретінде пайдалануды көздеп отыр.
"Біз Қазақстанның ішкі нарығындағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімді экспорттай бастадық. Қазір Қазақстандағы зауытты Орталық Азияның басқа елдеріне, тіпті Моңғолияға дейін өнім жеткізетін экспорттық хаб ретінде пайдаланып отырмыз", – деді Абделлатиф.
Оның айтуынша, компания болашақта Орталық Азия мен ТМД-дан тыс нарықтарға да шығуды қарастырады. Ауғанстан мен Таяу Шығыс елдері ықтимал бағыттардың қатарында.
"Қазақстанда мұны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өндірістік база, инфрақұрылым, мамандар және қажетті құзыреттер бар. Сондықтан біздің Қазақстанға салатын инвестициямыз жалғаса береді. Мақсатымыз – тек ішкі нарықты қамтамасыз ету емес, Қазақстанды ФМИ үшін экспорттық хабқа айналдыру", – деді ол.
"Қазақстандық мамандарды әлемдік деңгейге шығарып жатырмыз"
Омар Абделлатиф компанияның Қазақстандағы стратегиясында адами капиталдың да маңызды орын алатынын айтты. Оның сөзінше, ФМИ қазақстандық мамандарға халықаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік беріп, оларды компанияның басқа елдердегі бөлімшелеріне жібереді.
"Қазақстандық мамандарды халықаралық тәжірибе жинауға жібереміз. Мұндағы мақсат – олардың жаңа білім мен тәжірибе қалыптастырып, кейін осы тәжірибені Қазақстанның одан әрі дамуына пайдалануына мүмкіндік беру", – деді компания басшысы.
Ол компаниядағы әйелдердің басқарушы қызметтердегі үлесіне де тоқталды. Омар Абделлатифтің сөзінше, Филип Моррис Қазақстанның басқару құрамының шамамен жартысы әйелдер. Бұл көрсеткіш тек бас кеңсеге емес, өндірістік бөлімге де қатысты.
Қазақстан – компанияның сегізінші өндірістік алаңы
Филип Моррис үшін Қазақстандағы өндірістің тағы бір ерекшелігі – оның халықаралық өндіріс жүйесіндегі орны. Абделлатифтің айтуынша, Қазақстандағы зауыт түтінсіз өнімдерді шығаратын ФМИ-дің әлемдегі сегізінші өндірістік алаңына айналған.
"ФМИ әлемнің 100-ге жуық елінде жұмыс істейді. Қазақстандағы зауыт – осы өнімді өндіретін әлемдегі сегізінші зауыт. Бұл – Қазақстан үшін маңызды көрсеткіш. Оның үстіне, мұның барлығы Алматыда жүзеге асып отыр", – деді ол.
"Біз Қазақстаннан кетпейміз"
Омар Абделлатиф компанияның алдағы уақытта да жаңа өнім санаттарына инвестиция салуды жоспарлап отырғанына мән берді.
"Біз Қазақстаннан кетпейміз. Керісінше, бұл елмен бірге дамуды көздейміз. Енді Қазақстандағы жұмысымызды бір реттік жоба ретінде қарамаймыз. Бұл – ұзақмерзімді серіктестік. Біздің инвестицияларымыз жалғаса береді", – деді ол.
Компания өкілі Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы рөліне де тоқталды. Оның пікірінше, жаңа өнім санаттарын дамытуда мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы ашық диалогтың маңызы жоғары.
"Үкімет, бизнес және қоғам арасындағы диалог өте жақсы деңгейде жүріп жатыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Менің ойымша, бұл Қазақстанға шетелдік инвестициялардың көптеп келуінің себептерінің бірі. Ал біздің инвестицияларымыз да алдағы уақытта жалғаса береді", – деді Омар Абделлатиф.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді