Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халықты алдауды қашан тоқтатасыздар": Сайлау алды дебат кезінде ЖСДП мүшесі "Amanat" партиясын нақты іске көшуге шақырды

10 наурызда еліміздегі парламент мәжілісі мен мәслихатының сайлауына түсіп жатқан партиялардың арасында дебат өтті. КТК арнасында тікелей эфирде өткен пікірсайысқа барлық жеті саяси бірлестіктің мүшелері қатысып, сайлау алды бағдарламаларын таныстырып әрі қазақстандықтардың өмірін қалай жақсартатынын сөз қылды. Әлбетте, спикерлердің бір бірін сөзбен түйреген сәттері де болды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сарым - Рахымжанов

Дебат еліміздегі екінші ресми тіл – орыс тілінде өтті. Алғашқы бөлімде спикерлер өз партияларының бағдарламаларына қысқаша тоқталып, маңызды бөлімдерін атап өтті. "Ауыл" партиясының атынан қатысқан Жигули Дайрабаев өз сөзін қазақ тілінде бастады. Ал "Байтақ" партиясының өкілі Айнұр Сәбитова елдегі экология мәселесіне тоқталып, "балаларымыздың өкпесін улаудан шаршадық" деді. 

"Ақ жол" партиясының өкілі 2019 жылы президент сайлауына түскен Дания Еспаева еліміздегі баспана мәселесін айтып, "әр бала санына қарай пайыздық мөлшерлемені төмендетуді" ұсынды. 

"Сатып алу және сату, бұдан басқа ешнәрсе жоқ" деген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі Асхат Рахымжанов Қазақстан экономикасын сыни сипаттады.

Сұрақ қою бөлімінде Жигули Дайрабаев билік жүйесінде мемлекеттік монополиялық тракторизмнің қалыптасқанын атап өтіп, бұған "Ақ жол" партиясының да қатысы бар деген сыңай білдірді.

Қарсыласының сауалына жауап берген Дания Еспаева 2017 жылы Қаңтар оқиғаларына дейін қазір Қайрат Сатыбалды істі болған Көліктік сервис орталығы туралы сауал көтергенін алға тартты. 

"Біз дәл осы компанияның ҚТЖ-дан бөлек (Қазақстан темір жолы – ред.) жеке кәсіптің де барлық темір жолдарын иемденіп алғанын көрсеттік. Және біз оны қайтаруды талап еттік. Тағы бір мысал, 2016 жылы "Ақжол" партиясы ең алғаш болып РОП-тың (Оператор РОП – ред.) монополиялық қызметі туралы айтты. Сонымен қатар, "Ауыл" партиясының өкілі де сенатта отырады. Бірақ мен бұған дейін кәсіпті қорғау үшін бұл сұрақтарды партияның көтергенін көрген емеспін", - деді "Ақ жол" партиясының өкілі.



Дания Еспаева сонымен қоса партияның көтерген мәселелерін үкімет естімейтінін баса айтып, сондықтан "Ақ жол" партиясын естімейтін билік барлық жауапкершілікті мойнына алуға тиіс екенін жеткізген.

ЖСДП партиясының мүшесі Асхат Рахымжанов "Amanat" партиясының атынан қатысқан Айдос Сарымға партияның статистикалық мәліметтеріне кереғар ақпарат келтіріп, "халықты алдауды қашан тоқтатасыздар? Азаматтардың өмірін жақсарту үшін қандай нақты шаралар жасайсыздар" деп сұрады.

"Сіздер ылғи шәкіртақыны көбейттік, мұғалімдер мен дәрігерлің жалақысын арттырдық дейсіздер. Бірақ сонымен қатар бұған қарсы көрсеткіші бар рейтингтер бар. Мәселен, еліміз жалақы көрсеткіші бойынша 106 орынның ішінде 80-орында. Ипотека қолжетімділік бойынша 111 орынның ішінде 71-орында. Жалға берілетін пәтерлер бойынша 138 орынның ішінде 107-орында. Бұл рейтингдерді әрі қарай да жалғастыра беруге болады", - деді Рахымжанов.

Айдос Сарым өз жауабында "Amanat" партиясының рейтинг үшін жұмыс істемейтінін айтады. Рейтингтерді нақты адамдар нақты мақсат үшін жүргізеді, дейді ол.

"Бұдан өзге Қазақстан жетекші орындарда тұрған басқа да рейтингтер бар. Біз өз сайлаушыларымызды алдамайтын партиямыз. Сонымен қоса біз - өзінің сайлау алды бағдарламасын көпшіліктің алдында таныстырған жалғыз партиямыз. Ең бастысы, біз тарихты қайта бастадық, жаңа Қазақстанды бастадық. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, біздің есептерімізді қайта оқып шығыңыз, сонда барлығы жазылған", - деп жауап берді Сарым.

Сонымен қоса дебаттың соңында қатысушылар халықты өз партияларына дауыс беруге шақырған.

Талқылау