Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда несие мен депозит ұсынбайтын банктер пайда болмақ

ақша
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда биыл қазан айынан бастап төлем ұйымдарының бірінші санатына лицензия беріле бастайды. Жаңа қаржы ұйымдары клиенттерге шот ашып, төлем карталарын шығаруға мүмкіндік береді. Алайда оларға депозит қабылдауға және несие беруге рұқсат етілмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Central Asia Fintech Summit 2026 барысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2026 жылдың қазанынан бастап төлем ұйымдарының бірінші санатына қатысты жаңа талаптар күшіне енетінін айтты. Оның сөзінше, қаржы нарығына жаңа ойыншылардың шығуы бәсекелестікті арттырып, ақша аударымдарының құнын төмендетуге және жаңа қаржы өнімдерінің пайда болуына мүмкіндік береді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов жаңа ұйымдардың мүмкіндіктері туралы айтып берді. Оларды шартты түрде “төлем банктері” деп те атайды.

“Қазақстанда банктік емес төлем ұйымдары шамамен 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алайда олардың мүмкіндігі шектеулі. Олар электрондық ақша, төлем карталарын өз бетінше шығара алмайды және заңды тұлғаларға тікелей шот аша алмайды. Енді осының бәрін жасай алатын жаңа санат құрып жатырмыз. Олар банк көмегінсіз өз төлем картасын шығарып, заңды тұлғаларға қызмет көрсете алады. Бұл кәсіпкерлер үшін бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай ұйымдар трансшекаралық есеп айырысу мен төлемдерді де қамтамасыз ете алады”, – деді Бинұр Жаленов.

Бинұр Жаленовтың айтуынша, қазірдің өзінде 13 компания мұндай лицензия алуға қызығушылық танытқан. Олардың арасында Binance сияқты ірі халықаралық криптовалюта компаниялары да бар. Ұлттық банк Binance-пен меморандум жасасқан.

Жаңа ұйым Қазақстан нарығында ғана емес, ТМД және Шығыс Еуропа елдеріне қызмет көрсететін халықаралық қаржы алаңына айналуы мүмкін.

Сонымен қатар бұл лицензия телекоммуникация операторлары үшін де қызықты. Олар қаржы қызметтерін өз сервистеріне біріктіру үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болмақ.

Несие мен депозит қабылдай алмайды

Жаңа ұйымдарға депозит қабылдауға және несие беруге қатаң тыйым салынады. Себебі бұл қызметтер тек банктік қызметке жатады. Алайда төлем ұйымдары төлем саласында банктер атқаратын көптеген операцияны жүзеге асыра алады. Атап айтқанда:

  • Ұлттық банкте корреспонденттік шот аша алады;
  • электрондық төлем карталарын шығара алады;
  • ұлттық төлем жүйелеріне қосыла алады;
  • бірыңғай QR арқылы төлем қабылдай алады;
  • электрондық ақша шығара алады;
  • заңды тұлғаларға төлем қызметтерін ұсына алады.

Бинұр Жаленовтің айтуынша, бұл ұйымдарды “төлем банктері” деп атауға болады. Өйткені олардың негізгі артықшылығы – төлем қызметтерінің кең ауқымын ұсына алуы.

Мысалы, олардың клиенттері бірыңғай QR арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеп, басқа банктердің клиенттеріне ақша аудара алады.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада автосалон менеджері несиеге смартфон рәсімдеу арқылы көлік әперемін деп клиенттерін алдап кеткені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 17:19