Айдар Асқарбек: Баян Мақсатқызы киноға түсер алдында Жарқынайға ғашық болып қалуың мүмкін деп ескертті
Аша Матайдың туған інісі Айдар Асқарбек пен Жарқынай Ханайым жақында 3 ай бұрын ата-ана атанды. Қос ғашық ата-ана атанғалы бері алғаш рет сұхбат беріп, қызықты оқиғаларын айтты.
Бұл туралы Ревю бағдарламасында айтылды.
Айдар Асқарбек пен Жарқынай Ханайым "Рауза" телехикаясында танысты. Екеуі басты рөлді сомдады. Кино картинадан басталған ғашықтардың сезімі өмірде жалғасын тапты. Қос ғашық отау құрып, бүгінде сәби бақытын сезініп отыр.
Жас жұбайлар жеке өмірі мен отбасылық қызықтарын, қалай табысқандарын баяндады. Ең қызығы, алғаш болып ғашық болған да, сезімін білдірген де, көп кешірім сұрайтын да Жарқынай ханым екен.
"Ең бірінші ғашық болған Жарқынай. Ренжісіп қалсақ, көбіне Жарқынай бірінші болып кешірім сұрайды. Мен де кешірім сұраймын. Сезімін көп білдіретін де Жарқынай", - деді Айдар Асқарбек.
Жарқынай мен Айдар қыз жігіт болып кездесе бастағанда сезімін отбасынан жасырған екен. Себебі алдымен өздеріне сенімді болуды қалаған.
"Отбасым жақсы қабылдады. Баян Мақсатқызы маған киноға түсер алдында ескерткен. Кинода ғашықтардың рөлін сомдайтындар өмірде де ғашық болып қалуы мүмкін деді. Сондықтан біз сезіміміз туралы айтқанда таңғалған жоқ. Ол кісі көп нәрсеге таңғала бермейтін адам. Керісінше бізді бір-бірімізге мақтап жүрді. Жарқынай өмірде мейірімді. Бәрімізді сыйлайды. Жақсы келін деп айта аламын", - деді Айдар.
Жарқынай жолдасының өте жақсы әке екенін айтады.
"Айдардың мейірімді, балажан екенін бұрын байқағанмын. Туыстарының балаларын жақсы көреді. Өз қызын ерекше жақсы көреді. Қызы көбіне әкесімен бірге болады. Тіпті маған сенбей өзі қарайтын кезі болады", - деді Жарқынай.