Көлік сатып алмақ болған ерлі-зайыпты 17 миллион теңгені менеджердің құрбысына аударып, көліксіз қалды

Ерлі-зайыпты Алматыдағы "Sanzhar Rulit" автосалонынан көлік алмақ болған. Алайда көлік құжаттарына жауапты менеджер сатып алушыларды алдап, 16 миллион 900 мың теңгесін алаяқтықпен алып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға былтыр қазан айында болған. Ерлі-зайыпты "Sanzhar Rulit" автосалонына гибридті көлік сатып алу үшін барған. Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, автосалон иесі Абдаллах-Санжар Асқаров олармен жеке өзі сөйлесіп, ерлі-зайыптыға 500 мың теңге жеңілдік жасаған. Одан кейін ол барлық құжатты рәсімдеуді сату менеджері Назерке Қарабековаға тапсырған.
Ол сатып алу-сату келісімшартын дайындап, кейін клиенттерге 7 миллион 500 мың теңгені компания шотына емес, өзінің құрбысының шотына аудару керегін айтқан. Араға уақыт салып тағы 7 миллион 400 мың теңге, кейін тағы 2 миллион теңге аударуды сұраған. Осылайша, ерлі-зайыпты "Deepal" автокөлігі үшін жалпы 16 миллион 900 мың теңге төлеген. Ал Назерке көлікті 2025 жылдың соңына дейін табыстаймын деп уәде еткен.
Алайда тауар сатып алушыларға сол күйі жеткізілмеген. Кейін олар алданғанын түсініп, ақшаларын қайтаруды талап еткен. Осы кезде құжаттардағы автосалон басшысының қолы жалған, мөрдің де түпнұсқа емес екені анықталған.
Сөйтіп жәбірленушілер полицияға жүгініп, бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алайда Назерке Қарабекова өз кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, әріптесі оған көлікті арзан бағаға жеткізуге уәде еткен, сол себепті ол ақшаны сол адамға берген. Алайда ол кейін “қателері үшін" жұмыстан шығарылған. Ал автосалон басшылығы бұл іске қатысы жоқ екенін айтқан.
Алайда сотталушының 17 миллион теңгені біреуге бергенін растайтын ешқандай дәлел табылмаған, сөздерін растайтын да куәгер болмады. Сондықтан Жетісу аудандық №2 соты 30 жастағы Назерке Қарабекованы алаяқтық бойынша кінәлі деп танып, оны 6 жылға колонияға жіберу туралы үкім шығарды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Ақтөбеде мемлекеттік пәтерлерді таныстарына заңсыз таратып берген шенеунік 6 жылға сотталған еді.