Атыраудағы қылмыстың көптігі ақша мен өмір деңгейіне байланысты – Депутат

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Мәжіліс кулуарында Атыраудағы резонансты қылмыстардың көбеюіне ақшаға және ақшаға қатысты "лас істер" себеп екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соңғы жылдары Атырауда кісі өліміне әкелген бірнеше резонансты жағдайлар тіркелді. Осыған қатысты депутат Абзал Құспан пікір білдірді.
"Неге Атырауда қылмыс көбейіп, ол Қазақстандағы ең криминалды қалалардың қатарына кіріп кетті? Себебі ол жерде ақша көп, ал ақша көп жерде “лас істер” де бірге жүреді. Бұл – менің субъективті пікірім", – деді Абзал Құспан.
Оның айтуынша, бұрын Атырау қазақы салт-дәстүрді сақтаған өңір еді. Ал қазір ол ел бюджетіне көп қаржы әкелетін, донор аймаққа айналды дейді ол.
“Ол жерде адамдар жақсы тұрады. Ал ақша бар жерде қылмыс та болады. Менің ойымша, бұл қылмыстың көбеюіне әсер еткен", – деді депутат.
Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Кейін Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты. 18 мамырда Атырауда әйелінің туыстарын қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша сот басталған еді.
Одан бөлек, 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусымда Атырау облысынан табылған еді. 2024 жылдың 18 қазанында бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған. Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде "Р" деген біреуді атап өткен.
17 қарашада сот Янаны өлтірді деп айыпталған 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырды.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр