"Кез келген жазаға дайынмын": Атырауда бір отбасыны өлтірген Сәрсемәлиев сотта не айтты

Атырау облысы Жангелдин ауылында әйелінің туыстарын қатігездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі қаралып жатыр. Ол төрт адамды қатігездікпен өлтіргенін мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Сотта кісі өлтіру фактілеріне және айыпталушының қылмыстан кейінгі әрекеттеріне қатысты жаңа мәліметтер айтылды.
Прокурор Сәрсемәлиевке қылмыстық кодекстің:
- 99-бап 2-бөлік 1-тармақ (Екі немесе одан да көп адамды өлтіру);
- 188-бап (Ұрлық);
- 190-бап (Алаяқтық);
- 384-бап (Құжаттарды заңсыз иемдену) баптары бойынша да айып тағылып отыр.
Қылмыс жасауына қайын жұрты себеп болды деген күдікті сотта кез келген жазаға дайын екенін айтты. Сот барысында айыпталушы істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартып, процесті кәсіби судьяның қарауын сұрады.
Сондай-ақ айыптау актісі оқылғаннан кейін Сәрсемәлиев өзіне тағылған айыптармен және жүргізілген сараптамалардың қорытындыларымен келісетінін растады.
Сот отырысының соңында прокурор айыпталушының кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін және өз әрекеттерінің салдарын түсінетінін мәлімдеді.
Бұған дейін күдікті әйелінің туыстарын қалай өлтіргенін айтып берген еді.
Қылмыс қалай жасалды?
Прокурордың айтуынша, күдікті қылмыстың ізін жасыру үшін қораның ішінен тереңдігі шамамен 1 метр 30 сантиметр болатын шұңқыр қазып, онда мәйіттерді көміп, үстін линолеуммен жауып қойған. Осыдан кейін ол қылмыстық әрекеттерін одан әрі жалғастырған.
“Қарабалин қораға кірген кезде, Сәрсемәлиев оны іште күтіп тұрып, жәбірленушінің арқа, кеуде және қол тұстарына бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Ауыр жарақат салдарынан Қарабалин есін жимастан сол жерде көз жұмды", – деді прокурор сотта.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевті өлтіргеннен кейін айыпталушы қылмыс ізін жасыру үшін түнде үй ауласынан күрек алып, қоршаудың оңтүстік-батыс жағынан шұңқыр қазған. Түнгі сағат үш шамасында ол тереңдігі 1 метрден асатын, ені шамамен 80 сантиметр болатын шұңқыр қазған.
Содан кейін Сәрсемәлиев марқұмның қалталарын тексеріп, жеке куәлік, "Қазпошта" банк картасы, шамамен 50 мың теңге тұратын Samsung A21 телефоны және 3 мың теңге қолма-қол ақша тапқан. Кейін ол мәйітті кілемге орап, алдын ала қазылған шұңқырға апарып көміп тастаған.
Прокурордың айтуынша, қылмыс жасау кезінде күдікті ет шабуға арналған пышақты пайдаланған. Тергеу деректеріне сәйкес, дәл осылай кейін Нәсіп Өтешқалиеваны да өлтірген.
Күдікті сотта әйелінің отбасы үнемі олардың отбасылық өміріне араласып, өзін тығырыққа тірегендіктен қылмысқа барғанын айтты.
"Мен соңына дейін отбасымды сақтап қалғым келді. Әйелімнің туыстарының әрекеттері мен сөздерінен кейін өзімді жоғалтып, осындай қадамға бардым", – деді ол.
Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемәлиев алқабилер сотынан бас тартатынын айтты.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
“Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы резонанстық отбасы өліміне күдікті азаматты ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
"Ағаш сындырып, от жаққан, пиротехника атқан": Алматылықтар Бұтақты мен Көкжайлаудағы күл мен қоқысқа шағымданды