Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Астық пен ұн экспортына шектеулер екі апта ішінде енгізіледі": Министрлік мәлімдеме жасады

Мәжілісте ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев астық пен ұн экспортына шектеулер екі апта ішінде енгізілетінін және ол 15 маусымға дейін жалғасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Экспортқа тыйым 15 маусымға дейін күшінде болады. Осы уақыт ішінде ұн мен астық экспорттаушыларға ішкі нарықты қамтамасыз еткен жағдайда ғана шикізатты сыртқа шығаруға рұқсат етіледі. 

Қазақстан осы кезеңде 1 миллион тонна астық пен 300 мың тонна ұн сата алады. Бұл ретте өндірушілер экспортталатын көлемнің 10 пайызын ішкі нарыққа төмендетілген бағамен яғни 100 мың тонна астық пен 30 мың тонна ұнды қамтамасыз етуге міндетті болып саналады.

“Бұл шартты өте әділетті деп санаймын”, – деді министр. 

Оның айтуынша бұл ұн мен астық экспорттаушылардың құқығын шектемейді. Өйткені соңғы бес жылдағы экспорт динамикасы көрсетіп отырғандай айына орта есеппен 100-120 мың тонна ұн сыртқа шығарылған. Бұл экспорттаушылар зардап шекпеуі үшін 300 мың тонна ұнға бөлінген квота жеткілікті деген сөз.  

Қарашүкеев Қазақстанның орташа айлық астық экспорты 500 мың тоннаны құрайтынын хабарлады. Айтуынша экспортқа шектеу қою туралы шешім ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданған. 

"Қазір ережелердің өзіне келісу процедурасы жүріп жатыр. Менің ойымша екі аптаның ішінде енгізіледі. Ведомствоаралық комиссияда шешім 15 маусымға дейінгі кезеңге қабылданды”, – деді Қарашүкеев.

Талқылау