Астаналық тұрғын қызметтік пәтерден бас тартқаны үшін қорғаныс министрлігін сотқа беріп, жеңіп шықты

Астанада ер адам қызметтік пәтерде тұрғызбай қойғаны үшін қорғаныс министрлігін сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында азаматтың қорғаныс министрлігіне қарсы қызметтік тұрғын үйді жалдау шартын ұзартудан бас тарту туралы шешімді даулау жөніндегі талап-арызы қаралды.
Ер адамға 2009 жылы 4 адамнан тұратын отбасыға қызметтік пәтер берілген. 2025 жылы тұрғын үйді жалдау шартын ұзарту туралы өтініш жасаған кезде оған кәмелетке толған қызының пәтері болғаны үшін бас тартылған.
ОқыңызСот талап қоюшының кәмелетке толған балалары бөлек тұратынын және дербес шаруашылық жүргізетінін анықтады.
“Сот бөлек тұратын кәмелетке толған баланың меншігінде тұрғын үйдің болуы қызметтік тұрғын үйді жалдау шартын ұзартудан бас тартуға сөзсіз негіз болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ сот әкімшілік органның істің мән-жайларын жан-жақты әрі толық зерттемегенін анықтады. Бұдан бөлек жауапкер сот талқылауы барысында сілтеме жасаған кейбір уәждер әкімшілік актінің өзінде көрсетілмеген”, – делінген хабарламада.
Әкімшілік актіні қабылдау кезінде заңдылық талаптарының бұзылғанын ескере отырып, сот пәтерде тұрғызбау туралы шешімді заңсыз деп танып, талап арызды қанағаттандырды. Сот әкімшілік органға талап қоюшының өтінішін заңнама талаптарын сақтай отырып, қайта қарауды міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді.