Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Астанаға блок-бекеттер қойыла ма": ІІМ басшысы депутаттың ұсынысына жауап берді

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Астанаға көшіп келушілер санын шектеу үшін қала кіреберістеріне блок-бекеттер қою керек деген депутат ұсынысына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрден журналистер елорда мәслихатының депутаты Азамат Айтхожиннің қала кіреберістеріне блок-бекет орнату туралы ұсынысына қалай қарайтыны жайлы сұрады. Сәденов депутаттың бұл бастамасын қолдамайтынын айтты. 

“Бізде азаматтарымыз еркін жүріп-тұрады. Астананы шектеу қажет емес деп ойлаймын. Бізде жылдам бақылауға жеткілікті мүмкіндік бар. Ал қаланы жабудың қажеттігін көріп тұрған жоқпын", – деді Ержан Сәденов мәжіліс кулуарында.

Министрдің айтуынша, бақылау-өткізу бекеттері болмаса да, полицияға тәртіп бұзатындар туралы хабарламалар дер кезінде түседі.

"Бұған күш те, құрал да бар. Сондықтан қажеттілік жоқ. Бұрын барлық жерде (блок-бекет) болған, оларды алып тастадық. Негізгі магистральдарда ғана бар, ал қаланы жабу қажеттігі жоқ деп есептеймін. Бірақ шекараларымызда тұр. Пандемия кезінде, төтенше жағдайларға келсек, ол әкімдіктің балансында", – деді ІІМ министрі.

 

Еске салайық, бұған дейін, Астана мәслихатының депутаты Азамат Айтқожин ретсіз көші-қонды тоқтату үшін елорда маңына бақылау-өткізу бекеттерін орнатуды ұсынған еді. Депутат Астанаға кез келген адам келеді деп алаңдап, тезірек бақылау-өткізу бекеттерін орнатуды талап еткен.

Еңбек министрлігі депутаттың Астанаға блок-бекет орнату туралы ұсынысын құптамады.

Талқылау