Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ұлттық университеттің профессоры алаяқтардың арбауына түсіп, пәтері мен жинаған қаражатынан айырылды

Марат Ишанқұлов
Фото: Видеодан скриншот

Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Марат Ишанқұлов алаяқтардың арбауына түсіп, пәтері мен өмір бойы жинаған қаражатынан айырылғанын мәлімдеді. Ғалым президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, жағдайды жеке бақылауына алуды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Профессор әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялады. Марат Ишанқұловтың сөзінше, 2025 жылғы 15 маусым мен 22 тамыз аралығында оған WhatsApp арқылы және телефонмен хабарласқан адамдар өздерін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кадр бөлімінің қызметкері, университет заңгері, Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі және басқа да ресми тұлғалар ретінде таныстырған. Олар профессорды ұзақ уақыт бойы адастырып, психологиялық қысым көрсеткен.

Соның салдарынан ол алдымен жеке жинағынан айырылған. Кейін алаяқтардың ықпалымен Астанадағы жалғыз пәтерін 39 миллион теңгеге сатқан. Пәтерді Г. есімді азамат сатып алған. Сатылымнан түскен 39 миллион теңге Марат Шайдулұлының шотына түскеннен кейін, ол алаяқтардың нұсқауымен ақшаны шешіп алып, АҚШ долларына айырбастаған. Нәтижесінде шамамен 71 400 доллар алған.

2025 жылғы 22 тамызда ол осы ақшаның бәрін үйіне келген курьерге табыстаған. Сол сәтте Марат Шайдулұлы мұны өз мүддесі үшін жасалып жатқан қажетті әрекет деп ойлаған. Кейін ғана мұның алдын ала ойластырылған алаяқтық схема екені белгілі болған.

Марат Ишанқұлов күдікті жағдайды байқағаннан кейін құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Алайда тергеу барысы профессордың көңілінен шықпаған. Ғалым өз құқығы толық қорғалмағанын айтып, іске қатысы бар кей адамдардың өзара ымыраласуы мүмкін екенін алға тартты.

“Алаяқтардың қолына түсіп, пәтерімнен және ақшамнан айырылдым. Полицияға жүгіндім, бірақ полиция, адвокат және сатып алушы арасында сөз байласып қойған сияқты”, – дейді профессор үндеуінде.

Марат Ишанқұловтың сөзінше, Г.А.Р. есімді заңгер оған қылмыстық іс пен пәтерді қайтаруға қатысты сот процестерінде көмектесуі керек болған. Алайда ол профессордың сеніміне кіріп, қайтарылған 71 400 долларды “сот аяқталғанша Департамент полициясының заттай дәлелдемелерді сақтау камерасына уақытша қою қажет” деп түсіндірген.

Ғалым заңгерге сеніп, ақшаны толықтай тапсырған. Профессордың айтуынша, кейін Г.А.Р. бірнеше рет ақшаның қауіпсіз жерде тұрғанын айтқан. Бірақ біраз уақыт өткен соң Марат Ишанқұлов қаражатының жағдайын сұрағанда, заңгер “Қандай ақша? Мен ештеңе алған жоқпын, ештеңе білмеймін” деген мазмұнда жауап берген.

Осы жағдайдан кейін профессор Бас прокуратураға да шағым жолдаған. Алайда оның сөзінше, арыз қайтадан өзі бастапқыда жүгінген полиция органдарына жіберілген.

Профессор баспанасынан толық айырылып қалуы мүмкін

Ғалымды алаңдатқан тағы бір мәселе – сот шешімі. Оның сөзінше, осы шешімнің салдарынан ол баспанасынан біржола айырылып қалуы мүмкін. Профессор бұл пәтерді өмір бойы жинаған қаражатына сатып алғанын айтты.

“Сот шешімі бойынша, менен өмір бойы ақша жинап, сатып алған пәтерімді тартып алмақшы. Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтінішпен жүгініп отырмын. Әділдіктің қалпына келтіріліп, кінәлілердің жазалануын сұраймын”, – деді ол.

Марат Ишанқұлов кім?

Марат Ишанқұлов – география ғылымдарының докторы, профессор және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті оқытушысы. 88 жастағы ғалым ғылым мен білім саласында жарты ғасырдан астам еңбек етіп келеді. Оның ғылыми зерттеулері геоэкология, биогеография, топырақтану және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қамтиды. Үш монография мен 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ғылымға қосқан үлесі үшін "Еңбек ардагері" және "Күлтегін" медальдарымен марапатталған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 12 Маусым, 2026 17:20