Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 75 жастағы қария мен немересі алаяқтарға алданып, баспанасынан айырылды

Жасөспірім
Фото: Видеодан скрин

Алматыда 75 жастағы қария мен 12 жастағы немересі алаяқтарға алданып, көшеде қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Threads желісінде отбасы баспанасынан айырылғаннан кейін, көшеде қалғанын айтқан қыз баланың видео тарады.

"Бізге Алматы қаласының Бостандық ауданында тұратын 75 жастағы әже мен 12 жастағы қыз бала алаяқтардың кесірінен жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалғаны туралы видео келіп түсті", – делінген жазбада.

Сондай-ақ жазбада үйінен шығарылғаннан кейін қарт әйелдің ауруханаға жеткізілгені де айтылған.

Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін іске балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева араласты. Ол қазір бұл дерек бойынша Алматы қаласының балалар құқықтарын қорғау басқармасы жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

"Балалар анасы және әжесімен бірге дағдарыс орталығында. Қала прокуратурасы бұл істі өз бақылауына алды", – деді Динара Закиева.

Әзірге отбасының нақты қандай жағдайда баспанасынан айырылғаны және бұл оқиғада заңсыз әрекеттердің болған-болмағаны белгісіз. Алматы прокуратурасы да жағдайға байланысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ. 

Еске салсақ, бұған дейін алаяқтар сәбиін көтеріп, курьер болып жүрген қазақстандық әйелдің атынан қаражат жинай бастағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 21:02