Астанада шетелдіктерге ЖСН заңсыз рәсімделген: Схемаға ХҚКО қызметкерлері қатысқан

Астанада Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері қатысып, жалған өтінімдер арқылы шетелдіктерге Қазақстанға келмей-ақ ЖСН рәсімдеуге мүмкіндік жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, шетелдіктерге ЖСН беру олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуымен және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өткен жағдайда ғана жүзеге асырылады. Алайда тергеу мәліметтері бойынша, 2024-2025 жылдары бұл талаптарды айналып өтуге мүмкіндік берген заңсыз схема жұмыс істеген.
Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, заңсыз қызметті ұйымдастыру үшін әлеуметтік желідегі арналар пайдаланылған. Сол арқылы Қазақстанға келмей-ақ ЖСН алуға мүдделі шетел азаматтары тартылған.
Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық схемаға Астанадағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалының қызметкерлері де қатысқан.
"Олар ХҚКО-ның ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН рәсімдеуге қатысты жалған өтінімдер қалыптастырған. Көрсетілген қызмет үшін төленген ақша делдалдар арқылы банктік аударымдармен жеткізіліп, схемаға қатысушылар арасында бөлінген", – деп хабарлады агенттік.
Қазір қылмыстық іс сотқа жолданған.
“Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге мәліметтер жария етуге жатпайды”, – делінген агенттік жауабында.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті Астанадағы арнайы ХҚКО-ның бұрынғы басшы орынбасарының жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеуге көмектесіп, жүйелі түрде пара алғанын мәлімдеген еді. Тергеу барысында 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам заңбұзушылық фактісі анықталды. Осыған байланысты арнайы ХҚКО-лардағы қызмет көрсету процесіне бақылау күшейтіліп, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған цифрлық шаралар енгізілген.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді
Оқыңыз