Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада Данияр Мейірханға қатысты сот жабық режимде өтуде: Оған қандай айып тағылған

Данияр Мейірхан
Фото: gov.kz

Астана сотында уақытша қызметінен шеттетілген Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханға қатысты қылмыстық іс қаралуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана қалалық сотының баспасөз қызметі істің жабық режимде қаралып жатқанын хабарлады.

Данияр Мейірханның адвокаты Алия Жаманбаева өзінің қорғауындағы азаматқа "жыныстық қатынасқа және өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу" бабы бойынша айып тағылғанын мәлімдеді.

"Бұл – лас, негізсіз айыптау. Жәбірленуші тараптың өзі сот процесінің жабық өтуін сұраған. Қоғамдық резонансқа байланысты Мейірхан жұмыстан шеттетілді. Ол есірткі қылмыстарына қарсы белсенді күресіп, зертханаларды жапқан. Оны өзіне айтылған сын мен ескертулерді ұнатпаған қызметкер айыптап отыр", – дейді заңгер. 

Айта кетейік, 8 сәуірде Данияра Мейірханның 2025 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келген есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы қызметінен шеттетілгені белгілі болды. ІІМ оған қатысты әріптестерінің шағымы бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

Ал 13 мамырда Данияр Мейірханға қатысты сталкинг дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Алайда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сотта "жеке айыптау" тәртібімен қаралып жатқан материалдар бар екенін айтқан.

Сонымен қатар Данияра Мейірханға қатысты телефон сатып алуға байланысты арыз бойынша да тексеру жүргізілген.

"Тергеу органы қылмыстық қудалауды тоқтатты. Оның бұрынғы қарамағындағы қызметкер Данияр Мейірханға арнап телефонды бөліп төлеу арқылы сатып алғанын айтқан. Алайда мұны ол Данияр Мейірханның өз қаражатына жасаған. Мұның бәрі 2024 жылы болған. Сол кезде Данияр оған маңызды тапсырма жүктеп, ІТ-мамандар тобымен бірге спутник арқылы бүкіл зертханалардағы химиялық шығарындыларды бақылап, елдегі “синтетикалық” есірткі өндірісін тоқтатуды тапсырған. Алайда біреулер бұл жоспардың жүзеге асқанын қаламаған секілді", – деп жазды Жаманбаева Facebook парақшасында.

Еске салсақ, Данияр Мейірханның атына қатысты даулы оқиғалар бұған дейін де тіркелген. 2022 жылдың сәуірінде ол Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметінде жүрген кезінде "өз бетінше әрекет ету" және "бөтеннің көлігін иемдену" күдігімен ұсталған. Кейін іс "алаяқтық" бабына қайта сараланғанымен, қоғамда резонанс тудырған бұл жағдайға қарамастан, ол кепілмен босатылды. Біраз уақыттан соң іс мүлде тоқтатылып, Мейірхан Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің командирі қызметіне тағайындалды.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары болған. Кейін осы комитеттің төрағасы міндетін атқарушы, ал 2025 жылдың қыркүйегінен бастап комитет төрағасы қызметін атқарып келген.

Дана Русланқызы
Жұма, 12 Маусым, 2026 19:52