Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тапсырыс" берілген": Есірткі қылмысына қарсы комитет басшысы Данияр Мейірханға қатысты іс тоқтатылды

Данияр Мейрхан полиция полковнигі
Фото: Ішкі істер министрлігі

Есірткі қылмысына қарсы комитет басшысы Данияр Мейірханға қатысты қудалау ісі тоқтатылды. Қорғаушысы Әлия Жаманбаева істі "беделін түсіруге бағытталған тапсырыс" деп бағалап, бұған дейін айтылған жаппай шағымдар шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс белгіленген тәртіппен қысқартылған және бұл шешім қабылданған процессуалдық актілер аясында түпкілікті болып саналады.

"Қорғауымдағы тұлғаның мүддесін көздей отырып мәлімдеймін. Данияр Мейірханға қатысты қудалау ісі тоқтатылды. Жәбірленуші тараптың өзі жазған хаттардың скриншоттары сақталғаны дұрыс болды. Бұл жерде кімнің кімді қудалағаны әлі де сұрақ тудырады", – деді адвокат Әлия Жаманбаева.

Сонымен қатар Жаманбаева бұған дейін тараған 20 қызметкер шағым түсірді деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Оның сөзінше, жалған мәлімет тарату заң бұзушылық және ол ар-намысқа, қадір-қасиетке, іскерлік беделге нұқсан келтірген жағдайда жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Адвокат Данияр Мейірханның құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, есірткі қылмысына қарсы күресте принципшіл әрі қатаң ұстаным танытқанын да айтты. Қорғау тарапы оның беделіне нұқсан келтіру әрекеттерін тапсырыспен жасалған деп есептейді.

Айта кетейік, бұған дейін комитет төрағасы қызметінен уақытша шеттетіліп, қызметкерлердің ұжымдық шағымдарына байланысты тексеру жүргізіліп жатқаны хабарланған еді.

Данияр Мейірхан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Қазақ гуманитарлық-заң университетін және Ресей ішкі істер министрлігінің басқару академиясын тәмамдаған. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2003 жылы бастаған.

Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының полиция бөлімшелерінде жұмыс істеп, департаментте басшылық қызметтер атқарған. Қостанай ІІМ академиясында бөлім бастығынан бастап, оқу орны басшысының орынбасарына дейінгі жолдан өткен.

2024 жылдан бастап ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінде қызмет етеді. Әуелі төраға орынбасары, кейін комитет басшысының міндетін атқарушы болған. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап комитетті басқарады.

Еске салайық, бұған дейін Данияр Мейірханның атына қатысты даулы оқиғалар бұған дейін де тіркелген. 2022 жылдың сәуірінде ол Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметінде жүрген кезінде "өз бетінше әрекет ету" және "бөтеннің көлігін иемдену" күдігімен ұсталған. Кейін іс "алаяқтық" бабына қайта сараланғанымен, қоғамда резонанс тудырған бұл жағдайға қарамастан, ол кепілмен босатылды. Біраз уақыттан соң іс мүлде тоқтатылып, Мейірхан Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің командирі қызметіне тағайындалды.

Алайда жаңа қызметте де жағдай тұрақты болмады. 2023 жылдың қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген тексеруден кейін Мейрхан және оның орынбасарлары қызметтен босатылды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 10:08