Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ер адам студенттердің 40 ноутбугын алдап алып, ломбардқа өткізіп жіберген

Астанада алаяқтықпен студенттердің ноутбуктерін алып қойған 21 жастағы азамат анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Полицияның дерегінше, күдікті “уақытша пайдаланамын” деген желеумен достарынан ноутбук алуды әдетке айналдырған. Осылайша, жігітке тапсырыс берушілер аптасына 20-30 мың теңге жалға алу ақысын төлеп, ноутбуктерді алып отырған.

Ақшаға жалға алушы туралы қауесет студенттер арасында тез тарап, олар еш ойланбастан алаяққа қымбат құрылғысын беріп отырған. Жас жігіт болса, барлық ноутбукті ломбардтарға сатып, түскен ақшасын интернеттегі ойынға бәс тігуге қойып, ұтылып қалған.



"Қазір Алматы ауданының полицейлері елордадағы ломбардтардан ұрланған ноутбуктердің басым бөлігін тәркіледі. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жігіт кінәсін мойындап, қамауға алынды. Полицейлер оның елордадағы осындай алаяқтық істерге қатысының бар-жоғын тексеріп жатыр. Қалалық полиция департаменті азаматтарға бұл қылмыс үшін Қылмыстық кодекс аясында мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді", – деді Астана ПД баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін алаяқтар су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға өтемақыны аударамыз деп, аттарына несие рәсімдегені туралы жаздық. Мемлекеттен төлем жасаймыз деген желеумен су тасқынынан зардап шеккендерге әлдекім қоңырау шалғанын мәлімдеді. Бөрлі аудандық полициясына осыған қатысты шағым түсіпті. Шабуыл жасаушылар өздерін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері немесе еріктілер деп таныстырып, SMS арқылы келген құпиякодты айтуды сұрайды.

Талқылау