Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ер адам жолға таласып, әйелді соққыға жыққан: Ол ауруханадан бір-ақ шықты

Астанада ер адам жолда әйелді ұрған
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Астанада жүргізуші ер адам мен әйел жолда жүріп келе жатып жанжалдасқан. Салдарынан төбелеске ұласып, әйел ауруханаға түсті. Ауруханаға түскен әйелдің сіңлісі ер адамның агрессивті әрекетіне шағымданып, желіде көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғынның айтуынша, оқиға 25 маусым күні шамамен сағат 11:00-де Әлімбаев көшесі, 3/2 маңындағы жолда болған. 

“Біздің отбасымыздың өмірін түбегейлі өзгерткен қайғылы оқиға болды. Менің әпкем қатыгездікпен соққыға жығылды.

Оқиға басқа жүргізушінің жолда агрессивті әрекет етуінен басталған. Ол әпкемнің көлігін әдейі бірнеше рет қысып, жол қозғалысы ережелерін бұзып, жолда қауіпті жағдайлар туғызған. Кейін көлігінен түсіп, жолдың қақ ортасында қорғансыз қызды аяусыз соққыға жыққан”, – деп баяндады ол.

Тұрғынның айтуынша, кейін әпкесінің жағдайы нашарлап, ауруханаға түскен.

“Қазір әпкем әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Ол ауыр дене жарақаттарын алған. Алда оны бірнеше ота, ұзақ емдеу және оңалту кезеңі күтіп тұр. Қарапайым ғана қала ішіндегі жол жүрудің осындай қайғылы жағдаймен аяқталатынына отбасымыз әлі де сене алар емес. Осы оқиғаны көрген немесе қандай да бір мәліметі бар барлық азаматтардан көмек сұраймыз.

Егер сіз оқиғаға куә болсаңыз, сол жерден өтіп бара жатып, бейнетіркегішіңізге оқиға жазылып қалса, шабуылға дейін осы жүргізушінің жолдағы қауіпті әрекеттерін көрсеңіз, соққыға жығу сәтінің куәсі болсаңыз немесе әпкеме көмектесу үшін тоқтаған болсаңыз бізбен хабарласуыңызды өтінеміз. Бейнежазбаның әрбір секунды, әрбір фото және әрбір куәгердің мәліметі оқиғаның толық мән-жайын анықтауға көмектесуі мүмкін”, – деп қосты ол. 

Тұрғын осы тұста мән-жай жан-жақты тергеліп, кінәлі адам заң алдында тиісті жауапкершілікке тартылуын талап етті.

“Жолда мұндай агрессия танытып, күш қолдануға барған адамның әрекеті үлкен алаңдаушылық тудырады. Барлық жағдай анықталып, кінәлі жазаланады деп үміттенеміз.Сіздердің көмектеріңіз бен куәліктеріңіз біз үшін қазір өте маңызды”, – деп қорытты ол. 

Stan.kz тілшісі жағдайға байланысты Астана қаласының полиция департаментінен пікір сұрады. 

“Алдын ала мәлімет бойынша, Аман көшесімен келе жатқан ер адам мен әйел жүргізуші арасында жол үстінде жанжал туындап, кейін ол төбелеске ұласқан. Оқиғадан кейін екі тарап та полицияға арыз жазған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деді ведомство.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 18:41