Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада элиталық тұрғын үйде шетелдіктерден қару-жарақ табылды

Астанадағы қару-жарақ
Фото: highvill.kz / Мұрат Әбенов

Астанадағы "Хайвил" тұрғын үй кешенінде, Назарбаев университеті маңындағы пәтерлердің бірінен мылтық пен тапанша сақтаған екі шетелдік ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қаласындағы элиталық "Хайвил" тұрғын үй кешенінде, Назарбаев Университеті маңындағы пәтерлердің бірінен қару-жарақ сақтаған екі шетелдік ұсталды. Оларда мылтықтар мен тапаншалар болғаны хабарланды.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Ол үкіметтік ғимараттардың жанында орналасқан тұрғын үйдегі пәтерде шетелдіктердің қару сақтауының себебіне күмән келтірген.

Астана қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған шетел азаматтарының қару-жарақ арсеналымен ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

“Тұрғын үйге заттардың енгізілгені рас. Аталған дерек бойынша қырағы тұрғыннан хабарлама келіп түскен, содан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті. Тексеру барысында жәшіктің ішінде тарихи және мәдени құндылығы бар антикварлық қару түрлері болғаны анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл заттар заманауи әскери қаруға жатпайды. Тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қолданыстағы заңнама аясында тексеру жүргізіліп жатыр. Азаматтарды сабыр сақтауға және жалған ақпарат таратпауға шақырамыз”, – деп жауап берді полиция департаменті.

Назарбаев университеті де таралған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. 

"Тұрғын үй кешенінің тұрғыны антикварлық бұйымды көріп, оны қателесіп жауынгерлік қару деп қабылдап, құқық қорғау органдарына жүгінген. Аталған өтініш бойынша Астана полиция департаменті тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Жүргізілген тексеру барысында пәтерде XV-XVIII ғасырларға жататын раритеттік бұйымдар болғаны анықталды. Аталған заттар музейлік экспонаттар, қолданыстағы қаруға жатпайды және тікелей мақсатта пайдалануға жарамсыз", – деп түсіндірді университет өкілдері.

Университеттің мәліметінше, экспонаттар Қазақстанға әуе көлігі арқылы белгіленген тәртіппен жеткізілген. Сондай-ақ экспонат иелері Назарбаев университетінің оқытушылары немесе қызметкерлері емес екен.

Еске салайық, бұған дейін қоғамда шетел азаматтарының Қазақстан аумағында бақылаусыз жүріп-тұруы жиі сынға алынған еді. Әсіресе, Шымкентте олардың заңсыз еңбек етіп, тіркеусіз өмір сүріп жатқаны туралы пікірлер көбейген. Сарапшылар мұны көші-қон жүйесіндегі олқылықтармен және жалған құжат айналымымен байланыстырған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 12:14